KZ
Өскемен
-23°
туман жел 1 м/с, СБ
502.47 525.83 5.68

ШҚО-да 100-ден астам студент жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды

Кеше, 14:30 242 Төлеуғазы Жансая


Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы Жұмысшы мамандықтар жылына орай өңір колледждерінің студенттері үшін бос орындар жәрмеңкесін өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Колледж түлектеріне арналған бос орындар жәрмеңкесі – олардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтетін маңызды шара. Оған қатысу арқылы колледждердің соңғы курс студенттері өздері қалаған салада жұмыс табуға, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алады. 

Білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбекқызының айтуынша, іс-шараның мақсаты - жұмыс берушілер мен колледж түлектері арасындағы өзара ынмымақтастықты қамтамасыз ету  алаңын құру арқылы  экономиканың негізгі салаларына жас мамандардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу.

Бос орындар жәрмеңкесіне «Казцинк» ЖШС, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ, «Өскемен арматура зауыты» АҚ, «Востокмашзавод» ЖШС, «Востокцветмет» ЖШС, «Өскемен титан - магний комбинаты» АҚ, «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты» АҚ, «Машзавод» ЖШС, «Полиметалл Инжиниринг» АҚ, «МЛД Тау-кен компаниясы» ЖШС-нің өкілдері мен аймақ колледждерінің студенттері қатысты.

Шара барысында жұмыс берушілер өз компанияларындағы бос жұмыс орындарымен таныстырды, сондай-ақ үміткерлерге қойылатын талаптар мен мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Жәрмеңкеге аймақтың тоғыз колледжінен инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары мамандықтары бойынша 300-ден астам студент қатысып, болашақ мамандар кәсіпорын өкілдерімен тікелей сөйлесуге, сұрақтарын қойып, қызығушылық танытқан бос орындарға өтініш қалдырды.

Шараның нәтижесінде колледждердің 100-ге жуық студенті тағылымдамадан өту және жұмысқа орналасу туралы екі жаққа да тиімді ұсыныстар алды.

Жұмыс берушілер студенттердің кәсіби біліктіліктері мен дағдыларының жоғары екенін ерекше атап өтті.

Бұл - түлектерге жұмысқа орналасу мүмкіндігін ұсына отырып, өз мансаптарын қалыптастыруына, кәсіби байланыстар орнатуына және еңбек нарығында өз орнын табуына мүмкіндік беретін маңызды шара болды.

                                                                  Айжанат Бақытқызы
                                                            Фото: Нелли Петенева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу