ШҚО-ның туристік әлеуеті: үздік жобаларға 200 млн теңгеден бөлінеді
Өскеменде қалалар мен аудандар әкімдіктері арасында «ШҚО-ның үздік туристік рекреациялық аймағы» атағына конкурс өтті. Оған туризмнің жағажай, экологиялық, ауылдық, емдеу-сауықтыру, мәдени-танымдық және қысқы тау шаңғысы сынды негізгі бағыттарын қамтитын 24 жоба қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Конкурс ережесіне сәйкес жалпы жүлде қоры – 1 млрд теңге, ол 200 млн теңгеден 5 лотты көздейді. Бұл қаражатты қалалар мен аудандардың әкімдіктері жоспарланған туристік рекреациялық аймақтарға қажетті инфрақұрылымды (жол, электр желісі және т.б.) салу үшін пайдаланатын болады.
Ұсынылған бастамаларды қарау қорытындысы бойынша өңірдің туристік саласын дамыту үшін барынша әлеуеті бар тоғыз жоба айқындалды. Байқаудың соңғы жеңімпаздары осы жобалардың ішінен таңдалады.
Бағалау кезінде өз аудандарының зәкірлі туристік объектілері бола алатын, сондай-ақ жергілікті бизнес пен өндірісті дамытуды ынталандыратын жобаларға ерекше назар аударылды. Аймақ экономикасына әсері, жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндіктері және қолданыстағы туристік маршруттармен интеграция деңгейі ескерілді.
«ШҚО-ның үздік туристік рекреациялық аймағы» байқауы туристерді тартуға, инфрақұрылымға инвестицияларды ұлғайтуға және елдің жетекші туристік бағыттарының бірі ретінде Шығыс Қазақстан облысының позициясын нығайтуға қабілетті неғұрлым перспективалы бастамаларды анықтауға және қолдауға бағытталған.