Тұрғындардың сұранысы орындалды: Тарбағатайда КТ іске қосылды
Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай аудандық ауруханасында заманауи компьютерлік томография аппараты жұмыс істей бастады. Бұл аудан тұрғындары үшін аса маңызды оқиға, себебі бұған дейін ауыл тұрғындары диагностикадан өту үшін 400 шақырым жол жүріп, облыс орталығына баруға мәжбүр болатын.
Бұл аппарат «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында ауыл халқына сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында алынды. Жапонияның Canon Medical Systems Corporation компаниясы шығарған құрылғы секундына 160 кескін жасап, адамның бүкіл ағзасын зерттеуге мүмкіндік береді. Әсіресе, инсульт, бас-ми жарақаттары сияқты шұғыл жағдайларда жылдам әрі дәл диагноз қоюға көмектеседі. Бұл өз кезегінде дер кезінде емдеуді бастап, науқастың өмірін сақтап қалуға, мүгедектікке жол бермеуге ықпал етеді.
Аудан тұрғындары медициналық қызмет сапасын арттыру бойынша бірнеше рет өтініш білдірген болатын. Енді бұл мәселе оң шешімін тауып, жаңа аппарат іске қосылды.
Аппараттың құны 450 млн теңгеден асады. Оны орнату үшін ауруханада арнайы кабинет толық жабдықталды.
Бұл аппарат – аудан тұрғындары үшін жаңа мүмкіндік. Енді аудандық аурухана заманауи жабдықтың көмегімен ауыр дерттерді ерте анықтап, дер кезінде ем жүргізе алады.