Аудандық ауруханада компьютерлік томография кабинеті ашылды - ШҚО
Фото: alterainvest.ru
Шемонаиха аудандық орталық ауруханасында компьютерлік томография кабинеті ашылды.
Аппарат іске қосылған сәттен бастап жаңа аспапта 48-ден астам адам тексеруден өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жабдық сүйек-буын жүйесін (бас сүйек, омыртқа, жамбас, жоғарғы және төменгі аяқтар), тыныс алу, жүрек-қан тамырлары, несеп-жыныс жүйесі, асқазан-ішек жолдарын зерттеуге қабілетті. Қымбат құрал-жабдық "Дені сау ұлт" Ұлттық бағдарламасы аясында сатып алынды.
Томографты орнату үшін бөлмені дайындау жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде пульт бөлмесі жөнделді, компьютерлік томография кабинетінің өзі дайындалды, персонал үшін де, пациенттер үшін де рентген сәулесінен "қорғау" амалдары жасалды және тиісті өлшеулер жүргізілді, жаңа желдету жүйесі орнатылып, қалқан жүйесі жабдықталды, сондай-ақ арнайы жабдықты қуаттандыру үшін жаңа кабельдік электр беру желісі орнатылды.
Аудандық аурухана мамандары заманауи жабдықтар олар үшін бірқатар жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Медициналық қызметтің бұл түрі міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру шеңберінде ұсынылады. Ал төтенше жағдайларда инсульт, жарақат және т. б. зерттеулер азаматтардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан тәулік бойы жүргізілетін болады.