ШҚО-да салық төлеушілер үшін жаңа сервистер енгізіліп жатыр
2024 жылы жергілікті бюджетке 219,6 млрд теңге түсті, бұл жоспарланған көрсеткіштен 6,2 млрд теңгеге артық. Өткен жылмен салыстырғанда өсім қарқыны 123,2%-ды құрады. ШҚО-да Мемлекеттік кірістер департаментінің 2024 жылғы қызметінің қорытындылары шығарылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі
2024 жылы жергілікті бюджетке түскен нақты түсімдер 219,6 млрд теңгені құрады, бұл жоспарланған көрсеткіштен 6,2 млрд теңгеге артық (орындау – 102,9%). Өткен жылмен салыстырғанда өсім қарқыны 123,2%-ды құрады. Ең үлкен түсімдер: жеке табыс салығы – 67,3 млрд теңге, жорпоративтік табыс салығы – 43,2 млрд теңге, әлеуметтік салық – 53,9 млрд теңге.
2025 жылдан бастап жаңа ақпараттық жүйе – СӘИЖ енгізіледі. Ол қолданыстағы 7 жүйені алмастырып, мемлекеттік қызмет көрсету процестерін айтарлықтай жеделдетеді.
Департамент азаматтар мен кәсіпкерлерді хабарландыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. 2024 жылы 24 мыңнан астам іс-шара, оның ішінде БАҚ-та жарияланымдар, телебағдарламалар, семинарлар және салық төлеушілермен кездесулер өткізілді. Осы шаралардың арқасында электрондық қызметтерді пайдалану деңгейі 99,6%-ға жетті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 25,6%-ға артық.
Сондай-ақ жастармен жұмыс аясында Департамент жергілікті жоғары оқу орындарымен меморандумдар жасасты. Университеттерде салық және кеден саласындағы білімді арттыру бойынша тұрақты семинарлар өткізілуде.
Ыңғайлы сервистерді енгізуге ерекше назар аударылады. Енді азаматтар салықтар, шоттардың бұғатталуы және тіпті жеке тұлғалардың банкроттығы туралы жедел ақпаратты Salygbot Telegram-боты арқылы ала алады. 2024 жылдың қазан айынан бастап «Кеден мәселелері бойынша жедел көмек көрсету» жаңа сервисі іске қосылды.
Жиналыс соңында Департамент басшысының орынбасары 2024 жылға көлік салығын төлеу мерзімі 2025 жылдың 1 сәуірінде аяқталатынын еске салды. Салық сомасын «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы немесе KGD веб-порталы арқылы есептеуге болады.
Фото: Аяужан Утеулинова