ШҚО Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жаңа басшы тағайындалды
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жаңа басшысы тағайындалды. Бұл лауазымға Арман Оразұлы Жүнісов кірісті. Оны аймақ активіне Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары, генерал-майор Қайрат Бижанов таныстырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Арман Жүнісов мемлекеттік қызметтегі мансабын Өскемен қаласында сот-сараптама орталығында бастаған. 2007 жылдан бастап экономикалық тергеу саласында түрлі басшылық қызметтер атқарған. Ол – Экономикалық тергеу қызметінің полковнигі, II дәрежелі «Айбын» орденінің иегері.
Жаңа басшының кәсіби біліктілігін атап өткен Қайрат Бижанов оның мол тәжірибесі мен іскерлік қабілеттері департамент жұмысына тың серпін беретінін жеткізді.
Арман Жүнісов 1977 жылы Өскеменде дүниеге келген. Ол С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды, «Әділет» ҚЖМ Құқықтану академиясын және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Сот төрелігі академиясын бітірген.
Әр жылдары Астана қаласының сот сараптамасы өңірлік ғылыми-өндірістік зертханасында, Қаржы полициясында, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде және ҚР Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетінде қызмет атқарған. 2021 жылдан бастап Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментін басқарды.
Қызмет барысында тергеушіліктен бастап жоғары лауазымдарға дейін көтерілген тәжірибелі маман енді ШҚО-дағы экономикалық қылмыстармен күрес жұмыстарын басқармақ.
ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Махаббат Ахметжанова








