Workshop: Жұмысшы мамандықтарын қолдау - жаңа мүмкіндіктер мен болашаққа қадам (видео)
Ел Президентінің 2025 жылғы жұмысшы мамандықтарын дамытуға бағытталған саясаты аясында Шығыс Қазақстанда «Мамандығым – Мақтанышым» атты өндірістік шеберхана (Workshop) ұйымдастырылып, жүздеген студентке бағдар берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Іс-шараға 300-ден астам студент пен мектеп түлегі қатысып, олар жұмысшы мамандықтарының әлеуетін бағамдауға мүмкіндік алды. Кәсіпорындар мен оқу орындары арасындағы байланысты нығайту мақсатында Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да ұйымдастырылған бұл кездесуге «ҮМЗ» АҚ, «ТМК» АҚ, «БЭСК» АҚ, «Согра ЖЭО» ЖШС, «Өскемен ЖЭО» ЖШС, «Шығыс Жылу» АҚ сынды ел экономикасының локомотиві саналатын ірі өндіріс орындарының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында ашық есік күні ұйымдастырылып, өңірлік кәсіпорындардың өнімдері қойылған көрме өтті. Сонымен қатар, студенттер өздерінің инновациялық жобаларын таныстырып, тәжірибелі мамандардан шеберлік сабақтарын алды.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігі жұмысшы мамандықтарына тікелей байланысты екенін атап өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмысшы мамандықтарына қатысты саясаты аясында кәсіптік-техникалық білім беруді жетілдіру, өндірістік кәсіпорындармен серіктестікті күшейту және жастарды еңбекке баулу шаралары күшейтілуде. Білікті маман даярлау – елдің экономикалық өсімінің негізі. Осыған байланысты мемлекет колледждер мен техникалық университеттерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, кәсіби бағдар беру және түлектерді жұмыспен қамту механизмдерін жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру – стратегиялық маңызды міндеттердің бірі. Шара барысында студенттер «Әке, мен жасадым» челленджіне қатысып, өндірістік салада өз қолдарымен жасаған жұмыстарын көрсетті. Сонымен қатар, олар еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат беретін Mansap Kompasy жүйесімен танысты.
Бұл бастама жастарға өз болашақтарын саналы түрде таңдауға мүмкіндік беріп, еңбек нарығында сұранысқа ие маман болуға жол ашады. Жұмысшы мамандықтарын дамыту – ел экономикасының тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатын жақсартудың маңызды факторы екені сөзсіз.
Фото: Махабббат Ахметжанова
Видео: Данияр Сагидолдин