KZ
Өскемен
-16°
пасмурно жел 1 м/с, С
496.71 531.33 5.55

Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановты қабылдады (видео)

Фото: Ақорда

Кеше, 15:35 174 Төлеуғазы Жансая

 

Президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және бұған дейін берілген тапсырмаларының орындалу барысы баяндалды. Облыс әкімі өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі салаларға тартылған инвестиция мен өндіріс көлемінің өскенін атап өтті. Жалпы көлемі 400 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 46 жаңа өндіріс орны іске қосылған, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа шағын және орта бизнесті қолдау шаралары, инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа әлеуметтік нысандар салу жайында ақпарат берілді. Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, туризм, цифрландыру салаларын, көлік-логистика секторы мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға баса назар аударылады.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 18 нысан салынып, 6 медициналық мекемеге күрделі жөндеу жүргізілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 5 білім ошағы пайдалануға берілді. Оқушы орындарының тапшылығын азайту үшін 7 мектеп бой көтереді.

Мемлекет басшысына Жұмысшы мамандықтары жылына орай кәсіпорындардың сұранысы негізінде құрылыс, ауыл шаруашылығы, авиация, энергетика және су көлігі салалары бойынша жаңа білім беру бағдарламалары ашылатыны жөнінде айтылды. Еңбеккерлерді қолдау мақсатында «Отбасы банкімен» бірлесіп, өңірлік «Шығыс маманы» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы іске қосылды.

Облыс әкімі өңір тұрғындарын толығымен таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі міндет жыл соңына дейін орындалатынын жеткізді. Бұл бағытта құны 14 миллиард теңге болатын 8 жоба жүзеге асырылады.

Алдағы екі жылда өңірге кемінде 1,5 триллион теңге инвестиция тарту, 700 мың шаршы метрден астам тұрғын үй және 28 әлеуметтік нысан салу, сондай-ақ ұзындығы 600 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланып отыр.

Президент облыс экономикасын әртараптандыру, қайта өңделген өнім экспортын кеңейту және инвестиция тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу және көлік инфрақұрылымын жақсартуға баса мән беру керек екеніне тоқталды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу