Өскеменде дүлдүл ақындардың дүбірлі додасы - Айтыс өтіп жатыр
Бүгін Өскемен қаласында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Қалихан Ысқақтың 90 жылдығына арналған «Қара сөздің қарагері – Қалихан» атты республикалық ақындар айтысы өтуде. Айтысты халық сағынып қалғандай. «Ертіс концерт» залында өтіп жатқан жыр додасына жиналған көрерменнің қарасы қалың, ықыласы ерекше, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қалихан Ысқақтың шығармашылығы Шығыс өңірінің табиғатымен, тұрмысымен, халқымен тығыз байланысты. Оның кейіпкерлері де, суреттейтін көркем әлемі де – Алтайдың асқақ рухын, Ертістің терең тарихын, қазақы ауылдың болмысын көз алдыңа әкеледі. Сондықтан да жазушының мерейтойына орай ұйымдастырылған республикалық айтыстың дәл осы өңірде өтуі – заңдылық. Бүгінгі айтыс – сол асыл дәстүрдің жалғасы, қазақ өнерінің жаңа биігі.
Бұл мәдени шара Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Ашылу салтанатында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев сөз сөйлеп, айтыстың ұлттық құндылықтарды сақтаудағы айрықша рөлін атап өтті.
Аламан айтыста елдің әр өңірінен келген ақындар бақ сынасуда. Оған алаштың аяулы ақындары: Мақсат Ақанов, Жансая Мусина, Рүстем Қайыртай, Аспанбек Шұғатаев, Біржан Байту, Иранғайып Күзенбаев қатысуда. Ал облыс намысын Серік Қуанған мен Ардабек Ақбаба қорғап жатыр. Үкілі ақындар ұлттық өнердің мәртебесін көтеріп, көрерменге мағыналы, мазмұнды жыр арнауда.
Қатысушылардың өнерін елімізге белгілі тұлғалар бағалап отыр. Айтыстың әділқазылар алқасында Жүрсін Ерман, Қалқаман Сарин, Жанарбек Әшімжан, Әлібек Қаңтарбаев, Серік Құсанбаев, Дәулет Сметов, Серікзат Дүйсенғазы және Өміржан Көпбосын бар. Айтыс тізгінін ұстап, көрермен алдында жүргізіп отырған Аманжол Әлтай.
Терең ой мен сазды сөз бәсекесі бірнеше тақырыптарды қамтыды. Әр жұп ақын қазақтың тау тұлғалы қайраткерлерінің болмысын жан-жақты ашып, жырлауға тиіс. Алғашқы болып Шығыс Қазақстанның намысын қорғауға сахнаға шыққан Серік Қуанған мен Қарағандыдан келген Аспанбек Шұғатаев Шығыс өңірін алты жыл басқарған Бердібек Сапарбаевтың еңбегін жырға қосты. Айтыстың басында шығысқазақстандық Серік Қуанған Өскеменде Бердібек Сапарбаев есімі берілген көше болуы қажеттігін тілге тиек етті. Көрермендер бұл ұсынысты зор қошеметпен қолдады.
Айтыс кешке дейін жалғасады. Қорытындысы кешке белгілі болады. Көрермендер үшін кіру тегін. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттармен марапатталады. Бұл дода – ұлттық өнердің биік шыңы, сөз зергерлерінің шабытын шыңдаған рухани кеш болмақ.
Фото: Махаббат Ахметжанова