Рамазан айында пойыз жолаушыларына тегін су мен құрма ұсынылуда

Фото: ҚТЖ
Қасиетті Рамазан айында еліміздің ұлттық тасымалдаушысы жолаушыларға ерекше қамқорлық танытып, барлық бағыттағы пойыздарда су мен құрманы тегін таратуда. Бұл игі бастама жолаушылардың ораза ұстауын қолдап, жолсапар кезінде ыңғайлы жағдай жасауға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Rail-news.kz порталының мәліметінше, ұлттық тасымалдаушы компания вагон-мейрамханалардың жұмысын да ораза ұстаушылар үшін бейімдеді. Енді мейрамханалар күн сайын таңғы 08:00-ден түнгі 00:00-ге дейін жұмыс істейді. Сонымен қатар, сәресі уақытына арнайы уақыт бөлініп, 04:00-ден 05:30-ға дейін қызмет көрсетіледі. Бұл жолаушыларға сәресін уақытылы ішуге мүмкіндік береді.
Ораза ұстаған жолаушылар үшін қосымша жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, 18:00-ден 20:00-ге дейін вагон-мейрамханаларда тағамдарға 10% жеңілдік жасалады. Сондай-ақ, ауызашар уақытында жолаушыларға су мен құрма тегін беріледі.