Қасиетті Рамазан айы басталды

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті мұсылман бауырлар, шығысқазақстандықтар!
Сіздерді берекелі Рамазан айының келуімен құттықтаймын!
Мінеки, барлығымызды уақыт айналымы қасиетті Рамазан айына да алып келді. Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Бұл айда жүректерге иман нұры құйылады. Өйткені ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген қасиетті ай.
Тағылымды хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...» – деп, оразаның қадірін баяндаған.
Қазақ халқы ежелден рамазанды ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны», – дегені бекер емес. Берекелі айда жарапазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен жеткізген салт әлі сақталған. Ал ауызашар дастарханы бата мен ізгі тілектің ортаймас ордасы болды.
Бұл айда ұстаған ораза, барлық құлшылықтар, өзгелерге жасаған қайырымдылық, сауапты амалдары еселеніп жазылады.
Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай! Әмин!
Думан НӘДІРҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары
діни басқармасының
Шығыс Қазақстан
облысының бас имамы