KZ
Өскемен
-22°
туман Штиль
489.15 533.47 5.64

«Наурыз Жұмыскер» бағдарламасы іске қосылды

Бүгін, 16:50 76 Гульжан Мусина

Олар – таңмен таласа тұрып, қара жұмыстың қамытын киетін жандар. Олар – елдің әрбір кірпіші қалануына, әрбір мотордың айналуына, әрбір егістіктің көктеуіне тер төккен еңбек адамдары. Солардың арқасында зауыттар тоқтамай жұмыс істеп, жолдар салынып, ауыл шаруашылығы гүлденіп келеді. Алайда еңбек адамдарының басты мәселелерінің бірі – баспана. Осы түйткілді шешуге бағытталған жаңа мемлекеттік бастама – «Наурыз Жұмыскер» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл – қарапайым еңбек адамдарының қоғамдағы беделін арттыруға арналған үлкен қадам. Жүздеген мың жұмысшының өмір сапасын жақсарту, оларды әлеуметтік жағынан қолдау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі.

Осы мақсатта Отбасы банк жұмысшыларға баспана алуға жеңілдетілген несие беру үшін «Наурыз Жұмыскер» бағдарламасын іске қосып отыр. 2025 жылдың 17 наурызында басталатын бұл бағдарлама 72 миллиард теңге көлемінде қаржы бөліп, 2 440 еңбек адамының өз үйіне қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Ең бастысы, бұл бағдарлама нақты еңбек етіп жүрген азаматтарға арналған. Яғни, несие алу үшін конкурсқа қатысып, ұзақ күтудің қажеті жоқ. Егер үміткер қажетті талаптарға сай болса, банк оған төлем қабілеттілігін растағаннан кейін бірден несие береді.

Бағдарлама шарттары қандай?

Бағдарламаның басты ерекшелігі – жеңілдетілген несие шарттары.
Мөлшерлеме:
    •    Әлеуметтік осал топтар үшін жылдық 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін),
    •    Басқа санаттағы азаматтар үшін жылдық 9% (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін);
Бастапқы жарна:
    •    Жаңа тұрғын үй үшін 10%-дан бастап,
    •    Екінші нарықтағы немесе әрленбеген баспана үшін 20%-дан бастап;
Несиенің ең жоғары сомасы:
    •    Өңірлер үшін 30 млн теңгеге дейін,
    •    Алматы мен Астана үшін 36 млн теңгеге дейін;
Тұрғын үй түрі:
    •    Астана, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарында тек жаңа үйлер сатып алуға рұқсат,
    •    Ал моноқалалар мен ауылдық жерлерде қайталама нарықтағы тұрғын үй алуға болады.

Бұл – көп жылдан бері еңбек етіп жүрген, алайда үй алуға мүмкіндігі болмаған қарапайым жұмысшылар үшін нағыз мүмкіндік. Ал оған кімдер қатыса алады?

Бағдарлама өнеркәсіп, құрылыс, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, су ресурстары салаларында еңбек етіп жүрген азаматтарға арналған. 8 230 жұмысшы мамандығы бағдарламаға енген. Мысалы, металлургтер мен шахтерлер, құрылысшылар мен дәнекерлеушілер, энергетиктер мен машинистер, жол жөндеушілер мен механизаторлар, ауыл шаруашылығы мамандары мен су шаруашылығы қызметкерлері. Егер үміткердің жұмыс орны осы салалардың біріне жатса, ол бағдарламаға қатысуға құқылы.

Қалай өтініш беруге болады?

Өтініштер 2025 жылдың 17 наурызынан бастап қабылданады. Ол үшін Отбасы банкінің кез келген бөлімшесіне барып, қажетті құжаттарды ұсыну керек:
- Жеке куәлік
- ⁠Жұмыс орнынан анықтама (ЭҚЖЖ коды көрсетілген)
- ⁠Жинақ шотында кемінде 2 млн теңге болуы қажет
- ⁠Соңғы 6 айда тұрақты ресми табысы болуы тиіс

Бұл талаптар үміткердің баспана алуға деген мүмкіндігін арттырып, жеңілдетілген несиені алуды барынша әділ әрі ашық етеді.
Бұл бастама тек республикалық деңгейде ғана емес, өңірлерде де қолдау табуда.

Елімізде еңбек адамына деген құрмет пен қамқорлықтың нақты көрінісі болған көптеген бастамалар жүзеге асып жатыр. Бірақ «Наурыз Жұмыскер» бағдарламасы – шын мәнінде жұмысшы мамандық иелеріне арналған үлкен мүмкіндік. Бұл жоба еңбек адамдарының қоғамдағы орнын айқындап қана қоймай, олардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Еңбек адамына лайықты жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеті. Ал бұл бағдарлама сол міндетті орындауға бағытталған нақты қадам. Бүгінде қарапайым жұмысшылардың маңдай тері зая кетпейтініне, олардың да өз баспанасы болатынына сенім бар.

Фото: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу