KZ
Өскемен
-21°
небольшая облачность жел 2 м/с, Ю
522.42 543.89 5.28

«Наурыз жұмыскер»: жұмысшы мамандарға арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды

Бүгін, 10:00 202 Төлеуғазы Жансая

Елімізде Жұмысшы мамандықтары жылы аясында техникалық мамандарды баспанамен қамту мақсатында «Наурыз жұмыскер» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып, жұмысшы мамандықтары өкілдеріне қолдау көрсетуге бағытталған,- деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі Үкіметке сілтеме жасап.

«Наурыз жұмыскер» бағдарламасы өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары саласында қызмет ететін жұмысшыларды қамтиды. Бұл — ел экономикасының негізін құрайтын мамандарға берілетін ерекше қолдау.

Негізгі шарттары:

  • Мөлшерлеме:
    • Әлеуметтік осал топтарға — 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін).
    • Басқа санаттарға — 9% (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін).
  • Бастапқы жарна:
    • Таза әрлеудегі жаңа тұрғын үй үшін — 10%.
    • Әрленбеген немесе қайталама нарықтағы тұрғын үй үшін — 20%.
  • Несиенің ең жоғары сомасы:
    • Облыстар үшін — 30 млн теңге.
    • Астана және Алматы қалалары үшін — 36 млн теңге.

2025 жылдың 17 наурызынан бастап өтінімдер қабылдана бастайды. Биыл бағдарламаның аясында 2 440 жұмысшыға 72 млрд теңге көлемінде несие берілу жоспарланып отыр.

«Наурыз жұмыскер» бағдарламасымен қатар, Отбасы банкі отандық кәсіпорындармен «корпоративтік» өнімді іске қосады. Бұл жүйе аясында кәсіпорындар өз қызметкерлеріне баспанаға несие беру үшін қаражат бөліп, жұмысшылардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға ықпал етеді.

— Жұмысшы мамандар еліміз үшін өте маңызды рөл атқарады. Металлургтер, кеншілер, электриктер, құрылысшылар — барлығы да ауыр жұмыстар атқарып, негізгі қажеттіліктерімізді қамтамасыз етеді. Олардың баспана мәселесін шешу — қиын еңбек жағдайларын өтеудің маңызды бөлігі. Бұл қоғамның игілігі үшін жасалып жатқан үлкен қадам, — деді «Отбасы банкі» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

«Наурыз жұмыскер» — бұл әлеуметтік әділдікті қолдауға және техникалық мамандардың жағдайын жақсартуға арналған нақты шара. Үкіметтің бұл бастамасы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және оларды қоғамда лайықты қолдауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу