KZ
Өскемен
-25°
туман Штиль
489.15 533.47 5.64

Балабақша, жол, жарық: Бабкина Мельница тұрғындары қала әкіміне мәселелерін жеткізді (видео)

Кеше, 20:30 60 Әбішев Ержан

Бүгін Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов Бабкина Мельница кентінің тұрғындарымен кездесіп, елді мекеннің өзекті мәселелерін талқылады. Жиын барысында балабақша құрылысы, аумақты абаттандыру, жолдардың жағдайы, ауызсу, жарықтандыру және дәріханамен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.  

Тұрғындар жаңа, жайлы мектеп құрылысына алғыс айтып, балабақша мен ойын алаңдарының қажеттілігін жеткізді. Алайда әкімнің айтуынша, мұндай нысандарды салу үшін алдымен нақты жоспар қажет. Қазіргі кезде кентте екі балалар ойын алаңын салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

– Бұл мәселе қазір әкімдікте қаралуда. Егер сұраныс жоғары болса, біз инвестор тауып, балабақша саламыз, – деді қала әкімі.

Жаңа мектеп жайлы айтқанда оның ашылуы заң талаптарына сәйкес мерзімде ғана мүмкін болатыны ескертілді. Аймақта жайлы мектептер осы жылдың төртінші тоқсанында іске қосылады деп күтілуде.

Кенттегі дәріхананың болмауы – әсіресе қалаға баруы қиын егде жастағылар үшін күрделі мәселе. Алайда жекеменшік кәсіпкерлер бұл істің табысы аз деп, дәріхана ашуға құлықсыз.

– Мемлекет тікелей дәріхана аша алмайды, бірақ бұл жобаға қаржы құятын кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Алмат Ақышов.

Келешекте медициналық мекеме ашу мәселесі де қаралатын болады.

Тұрғындар жолдардың сапасыздығына шағымданды: жөндеу не мүлде болмаған, не сапасыз жүргізілген. Көктемде нөсерлі сулар жүйесінің жоқтығынан су басу мәселесі туындайды, сондықтан кейбір учаскелерді жергілікті тұрғындар өздері көтермемен (отсыпка) түзетіп жүр.

Алмат Ақышовтың айтуынша, асфальттау қомақты қаражатты қажет етеді, сондықтан алдымен қиыршық тас төселіп, кейін кезең-кезеңімен асфальт салынады. Су бұру жүйесін ұйымдастыру мәселесі «Таза Өскемен» компаниясына жүктелді, олар дренаж жүйесіне қатысты шешім табуға тиіс.

Қар тазалау да көпшіліктің наразылығын туғызуда: тек екі негізгі көше – Тимофеев пен Астафьев көшелері ғана тұрақты тазаланады, бірақ тазалау сапасы сын көтермейді. Әкім бұл мәселенің тек кентке ғана емес, бүкіл қалаға ортақ екенін айтты.

– Қала бойынша бар болғаны 60 техника бар, ал қар тазалауға жылына небары 2,7 млрд теңге бөлінеді. Инвесторлар бұл салаға қызықпайды, себебі пайда көрмейді. Коммуналдық қызметтердің тарифтері 2018 жылғы деңгейде қалды. Бұл мәселе жан-жақты талдауды қажет етеді, – деді қала басшысы.

Тағы бір өзекті тақырып – көше жарығы. Көптеген көшелер жарықсыз, ал орнатылған шамдардың қуаты төмен. Әуелі әлеуметтік нысандар мен жарықсыз қалған көшелер жарықтандырылады.

Айта кетейік, қаланы жарықтандыру жүйесінің жартысы, 18 мың шам мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке (МЖӘ) тиесілі, сондықтан 2034 жылға дейін қала оларды өз балансына ала алмайды. Егер шам қуаты жеткіліксіз болса, оны ауыстыру мәселесі қаралады.

Кездесуде аялдамалардың жетіспеушілігі де айтылды. Келесі жылы кейбір көшелерде жаңа аялдамалар орнатылады, ал жаңа мектеп маңына жылы аялдама павильоны қойылады.

Сондай-ақ тұрғындар ұялы байланыс пен интернет сапасының төмендігін жеткізді. Бұл мәселе бойынша операторларға арнайы ұсыныс жолданып, байланысты жақсарту қарастырылады.

Кездесу соңында әкім барлық мәселе тұрғындардың ұсыныстары мен тілектерін ескере отырып, кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.

Фото/видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу