Бабкина мельница шағын ауданында «Жайлы мектеп» ашылмақ
Ешқашан мектебі болмаған Бабкина мельница шағын ауданында 300 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта Бабкина мельница шағын ауданында 500-ге жуық бала бар. Олар қаланың әр шетіндегі мектептерге барып оқиды. Жыл соңына жоспарланған жаңа мектептің ашылуын жақын маңдағы Северное және Гавань аудандарының тұрғындары да тағатсыз күтуде.
Мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірлене бастағанда, ҚР Үкіметінің Қаулысына өзгерістер енгізіліп, жобалық-сметалық құжаттарды түзетуге тура келді. Бұл өзгерістер мектептің құрылысын 4 айға кешіктіріп бастауға себеп болды. Дегенмен, құрылысшылар жыл соңына дейін мектептің құрылысын толық аяқтаймыз деп сендіріп отыр.
Егер Бабкина мельница шағын ауданындағы «Жайлы мектептің» құрылысы желтоқсан айында аяқталса, білім ордасы оқушыларды 3-тоқсаннан бастап қабылдайтын болады.
Ақерке Рағызбаева
Фото, видео: Данияр Сагидолдин