ШҚО-да көлік салығы бойынша қарызды өндіру жұмыстары жалғасуда
Шығыс Қазақстан облысында көлік салығын төлеу бойынша берешекті азайту жұмыстары күшейтілуде. Мемлекеттік кіріс органдарының мәліметінше, 2024 жылы облыс бойынша 4,8 млрд теңге салық түскен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,9 млрд теңгеге артық. Сондай-ақ өңірде тіркелген көлік құралдарының саны 4 655 бірлікке көбейген, бұл да салық түсімдерінің өсуіне әсер етті. Бұл туралы ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Әсет Мұқашев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сарапшылардың айтуынша, салықты уақытында төлемеу өсімпұл есептелуіне, ал ұзақ мерзімді қарыз мәжбүрлеп өндіру шараларына әкелуі мүмкін. Осыған байланысты салық органдары берешекті азайту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.
Өңірде ең үлкен мәселе – сенімхат арқылы сатылған, нөмірлері жоғалған немесе иелері шетелге көшіп кеткен көліктерге салынатын салық. Мұндай көліктер жалпы берешектің 60%-ын құрайды.
Қарызды өндіру мақсатында ШҚО-да жыл сайын полиция қызметкерлері мен жеке сот орындаушыларының қатысуымен рейдтер жүргізіледі. 2024 жылы осы шаралардың нәтижесінде 654,4 миллион теңге қарыз өтелді, сондай-ақ ресми жұмыс істейтін борышкерлер анықталып, олардың салық берешегі жалақыдан ұсталатын болды.
Салықты қалай төлеуге болады?
ШҚО тұрғындарына көлік салығын уақтылы төлеу қажеттілігі ескертіледі, өйткені қарызды кешіктіру өсімпұл есептеуге немесе сот арқылы өндіруге әкелуі мүмкін.
Төлемдер мен хабарламаларды келесі платформалар арқылы тексеруге және төлеуге болады:
- eGov порталы
- Kaspi Bank қосымшасы
- Халық банкінің мобильді қосымшасы.