KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
499.04 544.45 5.96

«Бабалар ізімен» көрмесі – тарихқа жасалған сырлы саяхат (видео)

Кеше, 10:00 181 Айжанат Бақытқызы

Өскемен қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі «Юбилейный» кинотеатрында қала тұрғындары мен қонақтарына бұрын соңды болып көрмеген «Бабалар ізімен» атты ерекше көрме ұйымдастырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Халқымыздың ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі ұлы тарихына терең бойлауға мүмкіндік беретін тамаша шара «ежелгі дәуірдің жанданған бейнелері» мен тарихи жаңғыртпалар әлеміне енгізеді. 

Мұраларды сақтап, өткенімізге көз жүгірту үшін ұйымдастырылған жаңа форматтағы көрменің ерекшелігі — көрермендер ежелгі дәуірдің тарихи реконструкциялары арқылы бабаларымыздың өмірін, тұрмысы мен мәдениетін жаңаша қырынан тамашалай алады.

Бұл — тек экспонаттарды тамашалау емес, сонымен қатар ежелгі адамдардың дүниетанымын, рухани мәдениетін, тарихи мұрасын жанды кейіпкерлер арқылы  сезіну мүмкіндігі. Көрме аясында түрлі дәуірлердің көркем өнері, мүсіндері, тұрмыс бұйымдары, киімдері мен сән-салтанатын көрсететін экспонаттар орналасқан. Әрбір жәдігердің артында ерекше бір тарих жатыр, ал көрмеде сол тарихты қайта жандандыру мақсат етілген.

Ерекше қызығушылық туғызған тарихи реконструкциялардың бірі — алтыннан жасалған түркі қағанының бейнесі. Бұл бейнеде тәж киіп, тақта отырған қағанның асқақ мүсіні көрменің ерекше жәдігеріне айналды. Тарихи-мәдени тұрғыда құнды бұл артефакт ежелгі түркі қоғамының діни, саяси идеологиясын айшықтайды. 

Бұдан бөлек, көрмеде ұсынылған тарихи жәдігерлер біздің заманымыздан бұрынғы VIII-VII ғасырларға жататын сақ мәдениетінің элиталық ескерткіштері  — Берел патшалар жазығынан табылған атақты әйелдің, Елеке сазы алқабының элиталық қорғанынан табылған жауынгердің, Тасарық қорғанынан табылған абыз әйелдің және Қимақ жауынгер-музыканттың салтанатты киімдегі жанданған бейнелері терең тарихымыздан сыр шертеді. 

- Шараның мақсаты — ұлы дала тарихын ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызды жастарға кеңінен насихаттай отырып, өткен мен бүгіннің сабақтастығын көрсету.
Бұл көрме қоғамға өткен заманның мәдениеті мен өнерінің, оның ішінде ежелгі халықтардың өмір салты мен дүниетанымын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Көрмеде сол дәуірлердің сән-салтанаты мен өмірі, сонымен қатар өнер туындылары мен жәдігерлері көрсетіледі. Көрме келушілер үшін тегін. Барша қала тұрғындары мен қонақтарын өткен тарихымызға саяхат жасауға шақырамыз, - дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Альфия Бақбаева.

«Ежелгі дәуірдің жанданған бейнелері» көрмесі жас ұрпақтың тарихқа, мәдениетке және өнерге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Әрбір жәдігер жас ұрпаққа сырға толы тарихымыздың түп-тамырын ашып, мәдениетіміздің байлығын көрсетеді.

Фото/видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу