KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 2 м/с, В
494.87 520.65 4.91

Ұлы дала жәдігерлері қызығушылық тудыруда

14.11.2024, 14:00 103 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстанның бай рухани және мәдени мұрасы – Ұлы дала құндылықтарын сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген халықтың айнасы іспеттес. Елеке Сазы жазығынан сақ дәуіріне тиесілі алтын бұйымдардың табылуы, соның ішінде ерекше тікенекті әшекейдің табылуы, бұл өңірдің көне тарихы мен мәдениетін тағы бір мәрте дәлелдегендей. Отандық археологтар ел тарихын зерттеу мен насихаттауда үлкен нәтижелерге қол жеткізіп келеді, деп хабарлайды  Altainews.kz.

Қасиеті мен киесін көзінің қарашығындай сақтап, ізгілік мұраттарын жанына серік етіп, Ұлы даланы мекен еткен қазақ халқы – түбі бір түркі әлемінің ажырамас бөлігі, саф алтыннан киім киген сақтардың ұрпағы.

Өздеріңіз білетіндей, Шығыс Қазақстан республиканың рухани-мәдени орталықтарының бірі болып саналады, ал баға жетпес тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, сақтау және насихаттау – біздің қасиетті борышымыз.

Осы мақсатта «Шығыс Қазақстан облысында археология саласындағы ғылыми зерттеулерді дамыту бағдарламасы» сәтті жүзеге асуда. Бағдарламаны жүзеге асыруға, өлке жерін зерттеуге Зейнолла Самашұлы, Әбдеш Тәшкенұлы сынды еліміздің жетекші археологтары жұмылдырылды. Олардың бірлескен жұмысы тамаша нәтиже берді.

Шығыс Қазақстандағы әйгілі Елеке Сазы жазығынан сақ дәуіріне жататын скифтік-сібірлік аң стилінде жасалған алтын бұйымдар табылған-ды. Археологтардың пайымдауынша, табылған аң стиліндегі ерекше жәдігерлер сақ патшасының ат әбзелдері үшін арнайы жасалған.

Археологтардың ерекше қызығушылығын тудырған бұйымдардың бірі – тікенекті кулон. Саңылауы бар шар тәріздес тікенектер диаметрі 1,7 см және ұзындығы 2,3 см шағын конустар түрінде жасалған. Жәдігер біздің дәуірімізге дейінгі V-IV ғасырларға жатады. Археологтардың айтуынша, бұл табылған артефактілер салтанатты ат әбзелдерінің әшекейлері және сақ патшасына тиесілі. Тікенекті кулонның таңғажайып дизайны оның функционалдық мәні мен эстетикалық тұжырымын бірдей дәріптейді. Әрбір бөлшегі терең символизм мен мағынаға ие боларлықтай етіп жасалған, бұл мәдениет пен дәстүрдің дәрежесін көрсетеді.

Жәдігерлер ежелгі тұрғындардың оюлап кескіндеуді, металмен жұмыс істеу техникасын, құйма құйып, жайма алтын дайындаудың күрделі әдістерін жетік меңгергенін дәлелдейді. Осылайша, Елеке Сазынан табылған құнды жәдігерлердің саны 830 данаға жеткен. Бұл бұйымдардың әрқайсысы сақ дәуірінің көркемдік және техникалық жетістіктерін айқын көрсетеді, ал олардың ғажайып әсемдігі мен шығармашылық деңгейі қазіргі заманда да таңдандыруда.

Көздің жауын алатын баға жетпес жауһарлар облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ұлы Дала алтыны» көрмесінен орын алған және де бұл жәдігерлерді көрген әрбір адам тек тарихи мұраны ғана емес, сол дәуірдің мәдениетті, сән-салтанатты көзбен көріп бағалауға мүмкіндік алады. 

Альфия Бақбаева, 

облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу