Тасқынға – тосқын: ШҚО-да барлық көпірлер мен су өткізу құбырлары тазартылды

Фото: ШҚО ӨКҚ
Шығыс Қазақстан облысында 2025 жылғы көктемгі тасқын кезеңіне дайындық жұмыстары толық аяқталды. Тасқын кезеңінде жедел әрекет ету үшін 782 техника әзірленді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Нұрбек Тұраров мәлімдеді.Оның айтуынша, дайындық жұмыстары республикалық маңызы бар тасжолдардан бастап, аудандық деңгейдегі жолдарға дейінгі барлық жол желілерін қамтыған. Жалпы облыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы – 5288 шақырым.
Тасқын кезеңінде жедел әрекет ету үшін жалпы облыс жолдарында және елді мекендер көшелерінде 782 техника әзірленді. Оның 100-і республикалық, 119-ы облыстық жолдарда, ал 563 техника аудандық әкімдіктердің қарамағында.
Сонымен қатар 10 су өткізу құбыры жаңартылып, кеңейтілді. Су басу қаупі бар аймақтарда арнайы инженерлік қорғаныс шаралары қабылданды. Атап айтқанда, облыстық маңызы бар Ақсуат – Бөкей – Қарасу – Ақжар – М-38 Омбы – Майқапшағай бағытының 55 шақырымы мен Күршім – Қалжыр – Ақсуат автожолының бойында арнайы бөгеттер салынды.
Барлық қажетті аумақтарда құм, тас, топырақ қорлары жеткілікті мөлшерде дайындалған. Құрал-жабдықтармен қамтылу толық қамтамасыз етілді. Төтенше жағдайларға арналған жедел әрекет ету топтары құрылып, тәулік бойы диспетчерлік қызметтер жұмыс істейді. Жауапты мамандар бекітіліп, кез келген төтенше жағдайға жедел ден қою алгоритмі жасалған.
Облыстағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл жүйесі нақты реттелген. Жол қызметтері, полиция, Төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті әкімдіктер бірлесе әрекет ететін болады. Облыс басшылығы тасқын кезеңіне дайындықты ерекше бақылауға алып отыр.