Тасқынның қатерлі кезеңі қарсаңында ауқымды алдын алу жұмыстары жүргізілді – ШҚО
ШҚО-да өзендердің мұз құрсауынан арылуы жалғасып жатыр. Сулардың деңгейі қауіпті шамадан төмен. Мұз кептелістерін болдырмау үшін жалпы ауданы 221596 шаршы метрді құрайтын өзендерде 17 жарылыс жұмысы жүргізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Дер кезінде ұйымдастырылған іс-шаралар мұздардың кедергісіз жүруіне және кептелістерді туғызбауға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта еріген сулардың ағысына және өзендердегі мұздардың жүруіне мониторинг жалғасып жатыр, су тасу қаупі бар учаскелерге бақылау жүргізілуде.
Қалалар мен аудандардың әкімдіктері су тасқынына қарсы жұмыстарды аяқтады. Ұзындығы 135 шақырым 72 арна, ұзындығы 376 шақырым 448 арық, автожолдардағы 1735, темір жолдардағы 90 су өткізу құбыры, 277 көпір тазартылды. 369 мың текше метр қар шығарылды. Республикалық автожолдарда 334 су өткізу құбыры, 85 көпір, облыстық автожолдарда 1588 су өткізу құбыры, 85 көпір тазартылды.
Алтай және Күршім аудандарында аталған іс-шараларды өткізуге ҚР ТЖМ №68303 әскери бөлімінің қызметшілері жұмылдырылды.
Жағдай күрделенсе әрекет ететін жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау қызметтерінің күш-құралдарынан топ құрылды, оған 2270 адам, 732 техника, 61 жүзу құралы, 234 мотопомпа, сондай-ақ қосымша Қорғаныс министрлігі, Ұлттық Ұлан әскери бөлімдерінің, Шекара қызметі және Полиция департаменттерінің қызметкерлерінен 1379 адам, 55 техника жұмылдырылған.
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі