ШҚО студенттері қаржылық сауаттылыққа арналған интеллектуалды ойынға қатысты (видео)
Өскеменде қаржылық қауіпсіздікке арналған «QUIZ» атты танымдық-интеллектуалды ойын өтті. Оған өңірдегі үш ірі жоғары оқу орны – Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Д. Серікбаев атындағы техникалық университет, Қазақстан-Американдық еркін университет және облыстық жастар ресурстық орталығының командасы қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Іс-шараны ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тергеу департаменті мен С. Аманжолов атындағы ШҚУ бірлесіп ұйымдастырды.
Квиз форматы қызықты әрі пайдалы болды. 100-ден астам сұрақ қатысушылардың жеке бюджет, инвестиция, банк қызметі, сақтандыру, қаржылық қауіп-қатерлер мен алаяқтықтан қорғану тақырыптарындағы білімін тексерді.
Жеті раундтан тұратын викторина қатысушылардың білімін, логикалық ойлауын және топпен жұмыс істеу қабілетін көрсетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар студенттер қаржылық қауіпсіздік тақырыбына арналған креативті сурет көрмесінде де өз шеберліктерін көрсетті.
Шара соңында жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Фото/видео: Жәнібек Ырысбай







