32 мың студент қамтылған жоба: елімізде қаржылық сауаттылық апталығы өтіп жатыр
Бүгін Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде студенттерге арналған қаржылық сауаттылық семинары өтті. Мұндай іс-шаралар бүгінде Қазақстанның барлық өңірлерінде белсенді түрде ұйымдастырылуда. Аталған семинар Қаржылық қауіпсіздік жөніндегі Ұлттық олимпиада қарсаңында өткізіліп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
7-11 сәуір аралығында облысымыздағы жоғары оқу орындары мен колледждерде арнайы дайындықтан өткен оқытушылар мен экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары студенттерге қаржылық сауаттылық тақырыптарында дәрістер жүргізуде. Семинар барысында жастарға «дроппер» ұғымы, қаржы пирамидаларының қаупі, жеңіл табысқа қызығудың салдары және ондай жағдайлардан шығу жолдары кеңінен түсіндірілді.
Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев бұл бастаманың маңыздылығын атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Университет ректоры Сауле Рахметуллина да бұл шараның маңызын ерекше атап өтті.
ШҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Жасұлан Даукеновтың айтуынша, өткен жылы республика бойынша 29 қаржы пирамидасы әшкереленсе, биылдың алғашқы үш айында олардың саны 11-ге жеткен. Сонымен қатар, 2024 жылы 6000-нан астам "дроп-карта" арқылы 24 миллиард теңгеден астам қаржы заңсыз айналымға түскені анықталған.
Семинар аясында интерактивті ойындар, командалық квиз-сайыстар өткізіліп, студенттер өз білімдерін тәжірибеде сынауға мүмкіндік алды. Жалпы қамтылған аудитория саны – 32 мың студент. Бұл бастама – жастардың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған маңызды қадам.