KZ
Өскемен
-6°
пасмурно жел 5 м/с, ОШ
515.02 604.22 6.5

Өскеменде Пасха мерекесі кең көлемде аталып өтті (видео)

20.04.2025, 14:50 305 Төлеуғазы Жансая

Өскемен қаласында христиан қауымдастығының басты мейрамдарының бірі — Пасха кеңінен аталып өтті. Бұл күні Достық үйі-қоғамдық келісім орталығына жиналған қала тұрғындары мен қонақтары мерекелік хороводқа қатысып, жарқын көңіл-күймен мерекелік концертті тамашалады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мерекеге арналған концерт Достық үйінің шығармашылық ұжымдары мен Глубокое ауданының өнерпаздарының қатысуымен өтті. Көрермендерге әсем әндер мен би қойылымдары ұсынылды.

– Біз бұл күнді дәстүрлі түрде қуанышпен, шаттықпен кеңінен атап өтеміз. Бағдарламада үлкен концерт қана емес, балаларға арналған шеберлік сабақтары, көрмелер де ұйымдастырылған. Баршаңызды мерекемен құттықтап, бейбіт өмір, шаттық тілеймін! – деді облыстық славян мәдениеті қоғамының төрағасы Александр Яковлев.

Глубокое ауданының «Смородина» шығармашылық бірлестігінің өнерпаздары көне көктемгі хоровод әнін әкеліпті.

– Баршаңызды қасиетті Пасха мейрамымен құттықтаймын! Біз бүгін көне көктемгі хоровод әнін орындаймыз. Әннің аранжировкасын «Tomiris.kz» продюсерлік орталығы жасаған. Бүгінгі күннің жылуы мен қуанышы әр үйге тарасын, – деген жарқын тілегін жеткізді ұжымның жетекшісі Наталья Аксененко.

Мерекенің басты ерекшеліктерінің бірі – балаларға арналған пасхалық жұмыртқаларды бояу бойынша шеберлік сабағы болды. Бес жастан асқан балғындардан бастап, олардың ата-аналары да жұмыртқа бояудың қызығына түсіп кетті. Сабақты «Жұлдыз» балалар өнер мектебінің мұғалімі, суретші Лариса Кокушинская жүргізді. Оның айтуынша, бұл көне дәстүр терең мән-мағынаға ие:

– Жұмыртқа – өмірдің, үміттің, қорғаудың символы. Бұрынғы замандарда адамдар жұмыртқаларды жай ғана әдемілеу үшін емес, үй мен жақындарын қорғау үшін де бояған. Әр өрнек – белгілі бір мағынаға ие. Мәселен, кейбір суреттер денсаулыққа, бақытқа немесе амандыққа арналған, – деп түсіндірді Лариса Дмитриевна.

Сонымен қатар, Пасха тақырыбына арналған балалар сурет байқауы өтті. Ал этнографиялық мұражай дайындаған көрме Пасха мерекесінің тарихы мен дәстүрлері жайлы тың мәліметтер ұсынды. Достық үйінің алаңында облыстың қолөнершілері өздерінің қолдан жасаған бұйымдарын ұсынып, мерекенің көркін аша түсті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу