KZ
Өскемен
-7°
туман жел 1 м/с, С
498.51 522.84 4.81

Қаһарлы қысты шығарып салып, ару көктемді қарсы алды - ШҚО

17.03.2024, 15:30 173 Нұржан Кенжеұлы

Өскеменде Масленица мерекесі айрықша сән-салтанатпен тойланды.

Қала тұрғындары мен қонақтары облыс орталығындағы Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының алдындағы алаңда жиналып, қаһарлы қысты шығарып салды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Масленица – славян халықтарының бағзы заманнан келе жатқан дәстүрлерінің бірі. Оны қысты шығарып салу мен көктемді қарсы алу мерекесі дейді. Бұл мерекені тойлау арқылы халық келер көктемнен зор үміт күтеді. Биыл да солай. Таңертеңнен Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының алдындағы алаң халыққа лық толды.

Мерекеге жиналған жұртшылықты қаламыздағы ұлттық-мәдени орталықтар мен қоғамдық бірлестіктердің басшылары құттықтап, бұл мейрамның басты мақсаты – өскелең ұрпақты достық пен бірлікке тәрбиелеу екенін атап өтті.

–  Аталған мейрамды кешірім күні деп те айтуға болады. Себебі, бүгін жақындарын ренжіткен жандардың кешірім сұрауына ең оңтайлы күн. Масленицада тілеген барлық тілек қабыл болады деген сенім бар, – дейді Достық үйінің жанындағы мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Владислав Артамонов. – Бір атап өтерлігі, бүгінгі іс-шараға славян бірлестіктерімен қатар, қазақ этномәдени бірлестіктері де қатысуда. Себебі, біздің елде бәрі ортақ, кез келген мерекеде этностардың достығын көруге болады.


Рас, қыспен қоштасу – бұл ойын-сауық уақыты ғана емес, сонымен қатар мәдени мұра мен қоғамдық келісімнің маңызын айшықтайтын мереке. Осы ретте, Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының бұл бағытта атқарып жатқан жұмысын айрықша атап өткен жөн.

Мерекелік іс-шара барысында этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен өңіріміздің танымал өнер ұжымдары құлақтан кіріп, бойды алар әсем ән шырқап, мың бұрала би биледі. Сонымен қатар мерекелік сауда-саттық ұйымдастырылды. Мейрамға жиналған қауым әртүрлі байқау мен ойындарға белсене қатысты. Бал құймақтардан дәм татты. Қолөнер шеберлері жасаған бұйымдардың көрмесін тамашалады. Осының бәрі халыққа керемет мерекелік көңіл күй сыйлағаны сөзсіз.

– Бүгін үлкен мереке – Кешірілген жексенбі, Масленицаның соңы. Мұнда бүкіл қала жиналды. Жерлестерімізді көктем мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, бәріне денсаулық, бейбітшілік пен жақсылық тілеймін! – деді «ШҚО украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Ярослава Волкович.

Мерекелік іс-шара соңында өскемендіктер мен қала қонақтары дәстүрлі қарақшыны өртеу рәсіміне қатысты. Осылайша, көктемді қарсы алған жұрт мәз-мейрам болып тарқасты.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу