KZ
Өскемен
-6°
пасмурно жел 6 м/с, ОШ
515.02 604.22 6.5

Бақша, асхана, емхана – барлығы серіктестіктің нәтижесі

29.04.2025, 13:30 364 Төлеуғазы Жансая

 

Бүгінде мемлекет пен жеке бизнестің серіктестігі – экономикалық саясаттың жаңа бағытына айналды. Бұрын бір ғана мемлекеттік қаржыға тәуелді болған жобалар бүгінде жеке кәсіпкерлермен бірлесе жүзеге асып, халық игілігіне қызмет етуде. Мұндай серіктестіктің аты – Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ). Бірақ бұл атаудың артында не жатыр? Ол нақты қандай пайда әкеледі? Қарапайым тұрғын үшін қандай тиімділік бар? Осы сұрақтардың жауабын тарқатсақ.

Жеке қаражатпен салынған, бірақ халыққа арналған

МЖӘ-нің басты идеясы – мемлекет маңызды әлеуметтік жобаларды қолға алып, оны жеке әріптестердің тәжірибесімен, қаражатымен және бастамашылдығымен жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қарапайым тілмен айтқанда, кәсіпкер нысан салады, жабдықтайды, қызмет көрсетеді. Ал мемлекет оған біртіндеп шығынын қайтарады немесе белгілі бір уақыт ішінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Кейін жоба түгелімен мемлекетке өтеді.

Өскеменде салынған 4 балабақша – соның дәлелі. Бүгінде шаһардағы сұраныс жоғары аймақтарда орналасқан “Murager”, “Золотая рыбка”, “Ақ сұңқар”, “RIVIERA-BAMBINI” балабақшалары – осындай серіктестіктің жемісі. Жеке серіктес әр бала үшін мемлекеттік тапсырыс алады, ал ата-ана үшін бұл – қолжетімді, сапалы білім мен тәрбиенің кепілі.

Тағы бір тың жаңалық – 41 мектеп асханасының жаңғыртылуы. Жеке әріптестер өз қаражатымен жөндеу жасап, жиһаз, жабдық жаңалап, заманауи ас мәзірін ұсынады. Мемлекеттен бір тиын алмайды, есесіне жеті жыл бойы балаларға таза, санитарлық талапқа сай тағам ұсынып, кейін барлық мүлікті мектепке қалдырып кетеді. Бұл тек білім ордасы үшін емес, әр ата-ана үшін де маңызды өзгеріс.

Катонқарағай ауданы, Приморское ауылындағы бұрынғы мектеп ғимараты бүгінде – жыл бойы жұмыс істейтін сауықтыру лагері. Мұнда жыл сайын 1200-ден астам бала демалып, денсаулығын нығайтуға мүмкіндік алады. Бұл да – жеке бастама мен мемлекеттік қолдаудың ұтымды нәтижесі.

Ауыр науқастар үшін хоспис ашылды

Ұлан ауданындағы Таврия ауылында ескі аурухана ғимаратының бір бөлігі хосписке айналды. Бұл – адам жанына шипа ғана емес, жүрегіне жұбаныш сыйлайтын мекеме. Мемлекет бұл үшін жеке серіктеске ғимаратты 10 жылға сенімгерлік басқаруға берген. Есесіне – сапалы медициналық көмек, кеңейтілген инфрақұрылым, сақталған мемлекеттік мүлік.

МЖӘ жобаларының ең қысқа мерзімі – 5 жыл, ең ұзақ мерзімі – 30 жыл. Уақыт – жобаның ерекшелігіне қарай белгіленеді. Бастысы – тәуекел де, табыс та бір тараптың мойнында емес. Мемлекет пен кәсіпкер ортақ жауапкершілік арқалайды.

Кәсіпкерге де мүмкіндік бар

Бүгінде “ШҚО өңірлік мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы” білім беру, спорт, денсаулық сақтау, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалары бойынша кез келген жеке бастамаларды қарастыруға дайын. Бастапқы кеңес – тегін. Мекенжайы: Өскемен қаласы, Қабанбай батыр көшесі, 49, “Қазақстан” БО.

МЖӘ – ел өміріне етене еніп келе жатқан нақты шешімдер мен жобалар алаңы. Балабақшаға қол жеткізе алмаған ата-ана, ас мәзіріне алаңдаған мұғалім, жазда баласын қайда жіберерін білмей жүрген ана – бәрі үшін бұл жүйе нақты нәтиже беруде. Енді тек серіктестікке сенім артып, әр тарап өз міндетін адал атқарса болғаны.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу