Өскеменде 8 бірдей жаңа балабақша салынады
Өскеменде 8 балабақша салынады. Қазіргі уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберіндегі құрылысты жүргізетін инвесторлар іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы білім беру бөлімі басшысының орынбасары Абзал Мәулетханов мәлімдеді.
– Қазіргі уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағдарлама аясында балабақша салу бойынша үш жоба іске асырылды. Оның бірі – Көкжал Барақ көшесіндегі 240 орындық балабақша. Салынған балабақшалардан бөлек, қазіргі уақытта ресімделген жер учаскесі бар 8 жоба дайын тұр, – дейді Абзал Мәулетханов.
Қысқаша айтқанда, инвесторларға жер учаскелері беріледі. Олар құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Одан кейін мемлекет балабақшалар құрылысына жұмсалған қаражатты құрылыс салушыларға 4 жыл бойы тең үлеспен төлеп отырады.
Айта кетейік, МЖӘ аясында салынған балабақшалар 240 және 320 орындық болады. Әр орынға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қарастырылған.