Өскемендегі балабақшалар жеке кәсіпкерлерге беріледі
Өскемендегі балабақшалар жеке кәсіпкерлерге беріледі, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Облыс орталығында 30 қазан күні инвестициялық форум өтетіндігі белгілі. Онда қарастырылатын негізгі бағыттардың бірі «Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобалары мен сенімді басқару». Атап айтқанда, мемлекеттік балабақшаларды жеке кәсіпкерлерге 10 жылға басқаруға беру.
Бұл уақыт аралығында кәсіп иесі балабақшаның барлық жөндеу жұмыстарын, қажетті жиһаздармен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуін толық мойнына алады. Осы орайда, мемлекеттік мекемені басшылыққа алған кәсіпкер балабақша ақысын арттырып жібермей ме деген сауал туындайтыны сөзсіз.
– Балабақша ақысы өспейді. Себебі аталмыш мекемелер мемлекетікі болып қала береді. Тек уақытша басқаруға беріледі, – деп сендірді қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Арман Мұқтарқанұлы.
Ендеше кәсіпкерлер мемлекеттік мекемені басқаруға не себепті қызығушылық танытады деген заңды сұрақ және бар.
– Кәсіпкер балабақшада қосымша ақылы қызметтер ұсына алады. Мәселен әртүрлі үйірмелер немесе қосымша сабақтар. Біз оның балабақша ісін дамытудағы жсопарларына шектеу қоймаймыз, – деп жауап берді Арман Мұқтарқанұлы.