«Өскемен-Ақжар» бағыты қайта жанданады
pixabay.com
Шығыс Қазақстан облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 3 мамырдан бастап «Өскемен-Ақжар» тұрақты автобус бағыты қайта іске қосылады, деп хабарлайды Altaіnews.kz тілшісі.
Автобус рейстері күн сайын орындалады. Өскеменнен алғашқы автобус 3 мамыр күні сағат 18:30-да жолға шығады. Ал Ақжар ауылынан қатынас 4 мамырдан басталып, дәл осы уақытта — сағат 18:30-да жүзеге асырылады.
Жолаушылар үшін жолақы құны ересектерге — 4 000 теңге. 15 жасқа дейінгі балалар үшін билет бағасы 50% жеңілдікпен ұсынылады. Сонымен қатар, бірқатар әлеуметтік санаттағы азаматтар үшін жол жүру тегін болады. Атап айтқанда, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерінің иегерлері, сондай-ақ I топтағы мүгедектер бұл жеңілдіктерді пайдалана алады.