Суретпен жазылған тарих: Өскеменде Ұлы Жеңіс көрмесі ашылды
Бүгінде Ұлы Отан соғысындағы отты жылдарды еске алу – тек тарих алдындағы парыз емес, ұрпақ санасына бейбіт өмірдің құнын ұғындыру жолы. Осы орайда Өскеменде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңіс қырлары» атты көркемөнер көрмесі ашылды.
Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығы ұйымдастырып отырған көрме – тек сурет көрмесі емес, бұл – еліміздің тарихы. Онда майдан мен тылдың тізе қосқан ерліктері, бейбіт өмірге деген үміт, сарбаздың жан сыры мен ананың зары – бәрі бейнелеу өнері арқылы сөйлейді.
Жеңіс күні – халықтардың ержүректігі мен батылдығын, бірлігін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Қазақстан соғыс жылдарында жеңіске баға жетпес үлес қосты. 1,2 миллионнан астам азамат майданға аттанса, олардың жартысынан көбі қайтып оралмады. Қазақстандықтар Сталинград шайқасы мен Берлинге шабуыл сияқты негізгі шайқастарда ғана емес, тылда да сенімді тірек болды. Тыл еңбеккерлері де майдан жауынгерлері сияқты жанқиярлықпен еңбек кетті. Оқ-дәрі, азық-түлік өндірісі, эвакуацияланғандарды қабылдау – барлығы бірлік пен қайсарлықтың үлгісі еді.
Көрмеде көрнекті суретшілер мен ШҚО Суретшілер одағының мүшелері – Н.Аштема мен Г.Бекбердинованың, «Жаңғыру» шығармашылық бірлестігі өкілдерінің, сондай-ақ «Сурет» бейнелеу өнері студиясы оқушыларының және жас суретшілердің туындылары қойылды. Бұған қоса, музей-қорықтың қорында сақталған, 1980 жылдары КСРО Көркемөнер қоры берген бірегей суреттер топтамасы да көпшілік назарына ұсынылды. Бұл туындылар кәсібилігімен, шынайылығымен әрі тақырыпты аша білуімен ерекшеленеді.
Көрме Қ.Қайсенов көшесі, 67 мекенжайындағы көрме залында 6 мамырдан бастап екі ай бойы жұмыс істейді. Бұл – Жеңіс күні қарсаңындағы тағзым мен тағылым алаңы болмақ.