Өскемендегі Этноауылдың негізін қалаған Николай Зайцев өмірден өтті

Өскемен қаласының Құрметті азаматы, мәдениет саласының еңбек сіңірген қызметкері, белгілі қоғам қайраткері Николай Алексеевич Зайцев өмірден өтті. Ол Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының негізін қалаған және қаладағы мәдени-тарихи нысандардың дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға еді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Николай Зайцевтің жетекшілігімен Өскемен қаласының сол жағалауында сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығы құрылды. Бүгінде бұл кешен тұрғындар мен қонақтардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналған. Оның бастамасымен елімізде баламасы жоқ бірегей Этноауыл бой көтеріп, онда өңірімізді мекен еткен түрлі ұлттың дәстүрлі тұрғын үйлері, сондай-ақ ұстаханалар, ұлттық қолөнер шеберханалары пайда болды.
Сонымен қатар оның тікелей қатысуымен Жамбыл саябағы мен Жастар саябағы қайта жаңғыртылып, Өскеменнің жасыл белдеуі кеңейтілді. Бұл жұмыстар қаланың тарихи келбетін сақтауға және тұрғындардың жайлы демалысын ұйымдастыруға бағытталған маңызды бастамалар болды.
Николай Алексеевич Зайцев саналы ғұмырын Шығыс Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау және дамыту ісіне арнады. Оның қажырлы еңбегінің арқасында өлке тарихы мен мәдениетінің баға жетпес үлгілері жиналып, сақталды. Ол қазақ халқының мәдени құндылықтарын насихаттап, болашақ ұрпаққа жеткізуді басты міндет деп білді.
Николай Алексеевичтің бастамасымен құрылған этнографиялық кешенде қазақ халқының тұрмысы мен дәстүрі, қолөнері мен кәсіпшілік өнері жан-жақты көрсетілген. Бұл жерге келген әрбір адам өткен ғасырдың атмосферасын сезініп, тарихи-мәдени мұрамен жақын танысуға мүмкіндік алады.
Николай Зайцевтің қалдырған ізі, оның еңбегі мен бастамалары Өскеменнің мәдени өмірінде мәңгілік сақталмақ. Оның ерен еңбегі арқасында қалада ұлттық мәдениетті, тарих пен табиғатты үйлестірген ерекше кешен қалыптасты.
Шығыс Қазақстан халқы оның еңбегін әрдайым құрметпен еске алатын болады.