«Сабантой – 2025»: Балалар қуанышы мен жазғы демалыстың бастауы (видео)
Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында оқу жылының аяқталуына және жазғы демалыстың басталуына орай «Сабантой – 2025» атты мерекелік шара өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаз мезгілі – балалар үшін қуаныш пен шаттыққа толы кезең. Ал кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған «Сабантой – 2025» мерекесі бұл көңілді кезеңді ерекше әсерлі сәттермен толықтырды. Шара аясында балалар түрлі байқаулар мен ұлттық ойындарға қатысып, кітапхана ауласында өткен шеберлік сағаттарына белсене атсалысты.
Мереке аясында балаларға арналған тақырыптық көрмелер, викториналар мен әдеби сағаттар өтті. Сонымен қатар, кітапхана қызметкерлері балалардың жазғы демалысына арнап «Оқысаң – өкінбейсің» атты кітаптар мен мерзімді басылымдар көрмесін ұсынды. Бұл көрмеге фантастика, саяхат, шытырман оқиғалар мен танымдық әдебиеттер енгізілді.
«Сабантой – 2025» мерекесі – тек ойын-сауық қана емес, сонымен қатар жас оқырмандардың білімге құштарлығын арттырған тәрбиелік мәні зор іс-шара болды. Бүгінде облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы – жастардың сүйікті орнына, тағылымды шаралар орталығына айналып отыр.
Фото: ШҚО облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы










