Шығыста білім сапасы артып келеді: Облыс оқушылары 185 медаль иеленді
2024–2025 оқу жылы өз мәресіне жақындап қалды. Шығыс Қазақстан өңіріндегі білім беру жүйесі бір жыл ішінде қандай нәтижелерге қол жеткізді? Мектеп түлектері оқу жылын қандай көрсеткіштермен аяқтап отыр? Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышова мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгінде облыста 343 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Оның 148-і – мемлекеттік тілде, 100-і – орыс тілінде, 95-і – аралас мектептер. Бұл мектептерде 98 мыңнан астам бала білім алып жатыр.
Шығысқазақстандық оқушылар республикалық олимпиадаларда 31 алтын, 56 күміс және 8 қола медаль, барлығы 185 жүлде жеңіп алды. Ауыл мектептері арасындағы республикалық олимпиадада жаратылыстану-математика бағыты бойынша облыс командасы ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар, өңірлік команда «Үздік олимпиадалық команда» аталымын иеленді.
Басқарма басшысының айтуынша, түлектердің 76 пайызы жоғары оқу орындарына түсуді жоспарласа, 7,2 пайызы колледжге бет бұрған. Бұл білім алушылардың кәсіби бағдарлануы мен жоғары білімге ұмтылысының жоғары екенін көрсетеді. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірген түлектердің үлесі – 84 пайыз. Бұл – республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары. Сонымен қатар, 90 пайыз оқушы сынама тестілеуден өткен. Бұл – дайындық сапасының жоғары деңгейде екенін білдіреді.
Биыл 9104 оқушы 9-сыныпты аяқтап отыр. Олардың 994-і үздік аттестатқа үміткер болса, 3724 оқушы (41 пайызы) колледжге түсуді таңдаған. Бұл көрсеткіш 11-сыныппен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Бұл кәсіби бағдар мен ерте мамандану үрдісінің нәтижесі екені белгілі.
9 және 11-сыныптар үшін мемлекеттік емтихандар 29 мамыр мен 16 маусым аралығында өтеді. Емтихандар дәстүрлі форматта жүргізіледі. 5–8 және 10-сыныптар үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен емтихан 26–30 мамыр аралығында өтеді. Ерекше қажеттілігі бар оқушылардың емтиханнан босатылуы білім беру жүйесінің инклюзивтілік қағидаттарын ұстанатынын байқатады.
1 сәуірде басталған бірінші сыныпқа қабылдау науқаны 31 тамызға дейін жалғаспақ. Қазіргі таңда болашақ 9729 оқушының 63,3 пайызы тіркеліп үлгерген. Оқулықтармен қамту мәселесінде де айтарлықтай ілгерілеу бар: 450 млн теңге бөлініп отыр. Оқу құралдарының жаңартылған тізімі бекітілген соң нақты тапсырыс жасалады.
Басқарма басшысы білім ордаларының инфрақұрылымына да тоқталды. – Өңір бойынша «Реновация 1300 (2025–2027 жж.)» бағдарламасы аясында жалпы құны 4,4 млрд теңге болатын бес мектепке күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Олар – Тарбағатай, Самар, Шемонайха аудандарындағы бір-бір мектеп және Өскемен қаласындағы №38 орта мектеп. Бұдан бөлек, 60 білім беру ұйымында 1 408,2 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді ол.
Бүгінгі күні 18 нысан бойынша келісімшарттар жасалған, ал қалған 37 нысан бойынша конкурс рәсімдері жалғасып жатыр. Қазіргі таңда бес нысандағы жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Басқарма басшысы барлық жөндеу жұмыстары жазғы каникул кезінде, жаңа оқу жылы басталғанға дейін жүргізілетінін, бұл оқу процесіне кедергі келтірмейтінін жеткізді.
Фото: Жібек Нұрахмет