KZ
Өскемен
+20°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, Ю
511.92 588.91 6.44

«Әжелер алқасы» – ұрпақ сабақтастығының алтын діңгегі (видео)

22.05.2025, 17:10 161 Гульжан Мусина

Алтай қаласында Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген президиум отырысы өтті. Басқосуда бүгінгі қоғамның өзекті мәселелері – жас ұрпақты тәрбиелеу, рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау және өңірлік ардагерлер ұйымдарының есептері тыңдалды, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

ШҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев жастармен жұмысты күшейтудің, ел бірлігін сақтау жолында аға буынның азаматтық белсенділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Жиын барысында аудандық ұйымдардың өкілдері есеп беріп, өз өңірлерінде атқарылған істер жайлы мәліметпен бөлісті. Олардың сөзінде құрғақ сандармен қатар, шынайы өмір оқиғалары да қамтылды – мектептердегі ерлік сабақтары, патриоттық акциялар, соғыс және еңбек ардагерлеріне қолдау көрсету, ағартушылық кездесулер мен мәдени шараларға қатысу сынды мазмұнды жұмыс баяндалды.

Сонымен қатар, ардагерлер ұйымдары арасында тәжірибе алмасу жүзеге асып, алдағы мақсаттар нақтыланды. Жастармен байланыс форматын кеңейту, білім және мәдениет мекемелерімен тығыз әріптестік орнату сынды ұсыныстар айтылды.

– Біз – аға буын – қоғамның рухани ахуалы үшін жауаптымыз. Мақсатымыз – өткенді ұмытпай, оны жас ұрпаққа жеткізу, жинаған білім мен өмірлік тәжірибемізді бөлісу, жастарға жол көрсету, – деді президиум мүшелері.

Отырыстың ерекше бөлігі – «Әжелер алқасының» жұмысы туралы кеңінен сөз болды. Бұл – облыстың 13 ауданында жұмыс істейтін рухани-ағартушылық бастама. Аталған бірлестіктер ұлттық дәстүрге, инабаттылыққа, отбасылық құндылықтарға негізделіп, жастар тәрбиесіне ерекше үлес қосып отыр.

«Әжелер алқасының» мүшелері мектептерде кездесулер өткізіп, қолөнерге баулиды, ұлттық тағамдар дайындау сабақтарын ұйымдастырады, халық әндерін шырқап, қыздар мен жігіттерге ұлттық әдеп пен отбасылық өнегені үйретеді. Олар – ұлт руханиятының шынайы жанашырлары.

– Көпұлтты елімізде ата-әже, үлкендерге құрмет көрсету – ежелден келе жатқан игі дәстүр. Жастар үшін бұл тек тәрбие ғана емес, рухани байлықтың көзі. Сол себепті, аға буынмен тығыз байланыс орнату маңызды, – деді Айтқазы Шерубаев.

Алтай қаласындағы №9 орта мектеп пен Достық үйінде орналасқан «Әжелер алқасы» кабинеттерінің жұмысы таныстырылып, қатысушыларға экскурсия ұйымдастырылды. Бір жылдың ішінде осы екі ұжым 100-ден астам іс-шара, шеберлік сағаты мен кездесу өткізіп, білім ошақтарымен, мәдениет үйлерімен және өзге де ұйымдармен тығыз байланыс орнатты.

– Алтай – рухани әлеуеті жоғары, ұйымшыл қала. Мұндағы «Әжелер алқасына» қоғам мен билік өкілдерінің қолдауы – соның дәлелі. Қазақстан халқының күші – бірлігінде. Біз, ардагерлер, әрдайым ел арасындағы татулық пен ынтымақты қолдаймыз, – деді кеңес төрағасы.

Сондай-ақ, президиум мүшелері қалалық белсенді ұзақ өмір сүру клубының жұмысымен танысып, мектептегі «Әжелер алқасы» шеберханасын аралады. Мұнда қыз балаларға арналған технология кабинеті заманауи құралдармен жабдықталған. Осы алаңда салт-дәстүр мен жаңашылдық ұштасқан ерекше орта қалыптасып отыр: оқушылар ұлттық тағам әзірлеуді, киім тігуді, қазақ халқының салт-жораларын үйреніп жатыр. Бәрі де – ұстаздар мен ардагерлердің тәлімгерлігімен жүзеге асуда.

– Бұл – жай ғана әжелер үйірмесі емес. Бұл – жастардың бойына қарапайым дүниелер арқылы – кесте тігу, ән айту, шәй үстіндегі әңгіме арқылы – мейірім, сыйластық пен ұлтқа деген сүйіспеншілікті сіңіретін үлкен күш, – деді ардагерлер.

Жалпы, ұрпақтар сабақтастығы, дәстүрді сақтау мен жастарды тәрбиелеу – ұлттық идеяның өзегі. Шығыс Қазақстанда бұл бағыт нақты жобалармен жүзеге асып келеді. Соның бірі – белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары. Қазір өңірде осындай 175 орталық жұмыс істейді, оған төрт мыңнан астам зейнеткер тұрақты түрде қатысады.

Өңірде 140 мыңнан астам зейнеткер бар екенін ескерсек, мұндай әлеуметтік жобалар облыс басшылығының ерекше бақылауында.

– Біз аға буынға арналған орталықтарда олардың бос уақытын тиімді, әрі мазмұнды өткізуіне жағдай жасауға тырысамыз. Сонымен қатар, белсенді қартаю мәдениетін қалыптастыру – басты мақсатымыз. Бұл жобаны әрі қарай дамытып, жаңа бастамаларды да қолға алатын боламыз, – деген еді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскеменде орталықтың ашылуында.

Өткенге құрметпен қарайтын ұрпақтың болашағы – нық әрі берік.
Шығыс Қазақстан ардагерлер қозғалысы – бүгінде қоғамның белсенді және рухани тірегі.

Дамир Омаров
Фото, видео: Ермек Жиенбеков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу