KZ
Өскемен
-1°
снег жел 6 м/с, Ю
529.65 544.64 5.16

Шығыс Қазақстанның еңбек ардагері Павел Полянскийге құрмет көрсетілді

Бүгін, 17:30 74 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында ардагерлерге құрмет көрсету шаралары жалғасуда. Аудан әкімі Ренат Құрмамбаев, ШҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы Абзал Шерубаев, Дін істері басқармасының басшысы Жанар Мекеева және облыстың бас имамы Ермек қажы өңірдің Құрметті азаматы, Социалистік Еңбек Ері Павел Полянскиймен кездесті,- деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Аудан әкімі Ренат Құрмамбаев ардагердің өмірлік тәлімі жастарға үлгі екендігін ерекше атап өтті. 

– Бүгінгі тәуелсіздігіміздің жетістіктері – ардагерлеріміздің ерен еңбегінің нәтижесі. Сіздердің жасаған істеріңіз – қазіргі ұрпақ үшін өшпес мұра, – деді аудан әкімі.

Павел Тимофеевич Полянский еңбек жолын 1947 жылы есепші болып бастаған. Әр жылдары трактор бригадаларының есепшісі, бөлім меңгерушісі, партия комитетінің хатшысы, және совхоз директоры қызметтерін атқарған. Оның басқаруындағы совхоз көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, ауыл шаруашылығы саласында үлкен үлес қосты. 1973 жылы Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, 2010 жылы ШҚО Құрметті азаматы атағымен марапатталған.

Шара барысында ШҚО Ардагерлер кеңесінің төрағасы Абзал Шерубаев:
– Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз, ақыл-кеңестеріңіз – жастарға әрқашан үлгі. Біз сіздердің еңбектеріңізді бағалаймыз, – деп ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде Павел Полянский Президент пен ел үкіметіне аға буын өкілдеріне жасалып жатқан қолдау үшін алғыс айтты.

Кездесу ардагерлер мен жастар арасындағы сабақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырылып, өмірлік тәжірибе мен еңбекқорлықтың құндылығын дәріптеді. Бұл шара қоғамның ардагерлерге деген құрметін тағы бір мәрте көрсетіп, олардың еңбек жолын үлгі етуге мүмкіндік берді.

Фото: Алтай ауданы әкімдігінен

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу