KZ
Өскемен
-9°
плотный туман жел 1 м/с, СБ
505.53 593.44 6.34

Күршім: Келер жылы ауызсуға 100% қолжетімділік қамтамасыз етіледі (видео)

27.05.2025, 12:30 244 Жанаргүл Көкенайқызы

Күршім ауданындағы 21 елді мекеннің 20-сы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Енді аудан орталығы – Күршім ауылына су құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келесі жылы бұл ауылдағы барлық тұрғын үйлер таза су жүйесіне қосылып, аудан 100 пайыз ауызсумен қамтылатын болады, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Қазіргі таңда Күршім ауданында орталықтандырылған ауызсу желісі тартылмаған жалғыз елді мекен – Күршім ауылы.

Күршім аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанболат Жамилханның айтуынша, бұл ауылдағы үш мыңнан астам тұрғын үй 2026 жылы толықтай таза ауызсумен қамтамасыз етіледі.

– Күршім ауылын ауызсумен қамту жобасын 2026 жылы толық аяқтаймыз. Қазір жобаны қаржыландырудың толық бөлінуін күтіп отырмыз. Жалпы құны 6 миллиард теңгеден асатын бұл жоба бойынша мердігер компания жұмысты өз қаражаты есебінен жалғастырып жатыр, – дейді Жанболат Жамилхан.

Ұзындығы 115 шақырым болатын су құбырларын «Integra Construction KZ» компаниясы салып жатыр. Ауылға жеткізілетін су бірнеше сүзгі және бактерицидтік қондырғылар арқылы тазартылып беріледі. Бұл – судың сапасына жүз пайыз кепілдік береді.

– Ұңғыма басында төрт сорғы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, ауыл ішіне су айдайтын бес сорғы орнатылады. Оның біреуі – қосалқы. Сондай-ақ, әрқайсысының сыйымдылығы 500 текше метр болатын екі резервуар салынады. Әр үйдің ауласына дейін диаметрі 25 миллиметрлік су құбыры тартылады. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін нысан жергілікті коммуналдық шаруашылықтың балансына өткізіледі. Жобаның сапасына үш жылға кепілдік беріледі. Сонымен қатар су құбыры тартылған көшелердің жолын қалпына келтіру де біздің міндетіміз, – дейді «Integra Construction KZ» компаниясының учаске басшысы Мирас Бақытбеков.

Фото/видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу