2025 жылы өңір халқы ауызсумен толық қамтылады
Фото: pexels.com
Жыл соңына дейін облыстың алты ауылы таза сумен қамтылады. Атап айтсақ, Риддерге қарасты Бутаково, Алтай ауданындағы Путинцево мен Малеевка, Глубокое ауданындағы Малоубинка, Күршім ауданындағы Барақ батыр, Шемонаиха ауданындағы Убинка ауылдарының тұрғындары ауызсуға қол жеткізбек.
Риддер тұрғындарымен есеп беру кездесуінде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің міндетін атқарушы Нұрымбет Сақтағанов 2025 жылдың соңына дейін қала тұрғындарының 100%-ы таза ауызсумен қамтамасыз етілетінін мәлімдеді. Бұл Мемлекет басшысы қойған, елдегі барлық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету міндетіне сәйкес келеді.
Қазіргі уақытта Риддер қаласындағы барлық 9 елді мекен су жүйесімен қамтамасыз етілген. Алайда Нұрымбет Сақтағанов қаладағы барлық үйлерге орталықтандырылған су жүйесі әлі толық жеткізілмегенін атап өтті. Бұл мәселе жүзеге асырылып жатқан ағымдағы жобалар арқылы шешілетін болады.
Биыл Ботаника шағын ауданының 3-тұрғын үй аймағында су тарту жүйесін салу жобасын аяқтауға 19,5 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде 5 967 метр канализация желісі салынды. Аз тұрғынды Ливино және Ульбастрой ауылдарында жергілікті тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін блок-модульді су тазарту станциялары орнатылды.
Алдағы бірнеше жыл ішінде әрбір үйді сапалы ауызсуға қосу үшін тарату желілері кезең-кезеңімен жүргізіледі. Бұл халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту және оларды негізгі коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету стратегиясында қойылған міндеттерді орындау жолындағы маңызды қадам.
Облыс әкімдігінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін халықты ауызсумен жүз пайыз қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы талқыланды.
Өткен жылдың соңындағы жағдай бойынша облыстағы 727,1 мың тұрғынның 719,6 мыңы немесе 99%-ы ауызсуға қол жеткізіп отыр. Атап айтсақ, қалалардағы 483,9 мың адамның 483,4 мыңы, ауылдардағы 243,1 мың адамның 236,2 мыңы таза сумен қамтылған.
Бүгінгі таңда облыстағы 19 елді мекенде 7500 адам ауызсусыз отыр. Өскеменде 550 адам, Шемонаиха қаласында 37 адам, сонымен қатар 17 ауылда 6913 адам сумен қамтылмаған.
Атап айтар болсақ, Риддерге қарасты Бутаково ауылында 122 адам, Алтай ауданының Путинцево ауылында 402 адам, Малеевка ауылында 901 адам, Глубокое ауданындағы Малоубинка ауылында 741 адам, Күршім ауданындағы Барақ батыр ауылында 555 адам, Катонқарағай ауылында 105 адам, Ұлан ауданының Отрадное ауылында 308 адам, Асубұлақ ауылында 1633 адам, Бозанбай ауылында 613 адам, Үлкен Нарын ауылында 270 адам, Шемонаиха ауданындағы Березовка ауылында 282 адам, Большая Речка ауылында 381 адам, Убинка ауылында 580 адам таза суға зәру.
Ал 20 адам тұратын төрт ауыл алдағы уақытта оңтайландырылатын болады. Оның ішінде Катонқарағай ауданындағы Шұбарағаш ауылы және Тарбағатай ауданындағы үш ауыл бар.
Осылайша, жыл соңында облыс халқының сумен қамтылу көрсеткіші 99,4%-ға жетеді. Оның ішінде қалаларда – 99,9%, ауылдарда 98,5% болмақ.
Жыл соңына дейін сумен қамтамасыз етілмеген 4060 адам қалады, оның 3612-сі – ауыл тұрғыны.
Келер 2025 жылы сегіз жоба аяқталады. Осылайша қалған 4060 адам таза сумен қамтылады.
Қазір Өскемен қаласында, Үлкен Нарын мен Катонқарағай ауылдарында үш жоба бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Ұлан ауданының Отрадное, Шемонаиха ауданының Березовка, Большая Речка ауылдары бойынша өтінімдер жауапты министрлікке жіберілген. Ұлан ауданындағы Асубұлақ, Бозанбай ауылдары бойынша сметалық құжаттар әзірленуде. Олар алдағы маусым айында аяқталып, республикалық бюджетке өтінім берілетін болады.
Осылайша, келер жылдың соңында ауызсуға қол жеткізу облыста 100%-ға жетеді.
Ержан Әбіш