«Қоршаған орта – ортақ құндылық»: Шығыс Қазақстан мен Қытай экологиялық бағытта әріптестігін нығайтпақ (видео)
Шығыс Қазақстан облысы мен Қытайдың CITIC Environment Investment Group компаниясы қоршаған ортаны қорғау бағытында стратегиялық әріптестік орнатуға келісті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі хабарлайды.
Тиісті Өзара түсіністік туралы меморандумға Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен CITIC Environment Investment Group компаниясының шетелдік жобалар департаментінің бас директоры У Сяодун қол қойды.
Құжатқа ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен CITIC компаниясының ресми өкілі У Сяодун қол қойған. Меморандум тараптардың экологиялық жобалар бойынша ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа мүдделі екенін білдіреді. Құжат өңір аумағында нақты бастамаларды жүзеге асыруға деген ортақ ниетті бекітеді.
Келісім аясында экологиялық инфрақұрылым нысандарын салу және жаңғырту, су тазарту мен қалдықтарды басқару саласындағы инновациялық технологияларды енгізу, сондай-ақ табиғатты ұтымды пайдалану үлгілерін дамыту жоспарланған.
CITIC Environment Investment Group – экология, су тазарту, қалдықтарды кәдеге жарату және тұрақты даму саласындағы инвестиция мен жоба басқаруына маманданған компания. Қытайда, Оңтүстік-Шығыс Азияда, Америкада, Қазақстанда және басқа елдерде жобаларды жүзеге асырады.
Аймақ басшысы Қытай серіктестерімен әріптестікті заманауи технологиялар мен инвестицияға негізделген тиімді халықаралық өзара іс-қимылдың жарқын үлгісі деп атады.
Дамир Омаров
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Жәнібек Ырысбай










