KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 2 м/с, З
502.27 597.15 6.57

Бірегей ваучер жүйесі: Сапасыз секциялар мен жалған есепке – тосқауыл

Фото: gov.kz

30.05.2025, 14:30 305 Гульжан Мусина

Мемлекет жыл сайын балалардың шығармашылық үйірмелерге, спорттық секцияларға және қосымша білім беру бағдарламаларына қатысуын қаржыландырып келеді.

Алайда жүргізілген тексерулер барысында бірқатар күрделі заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, балаларды жалған тіркеу арқылы қатысу көрсеткіштері жасанды түрде көбейтілген, 164 секцияда сабақтар санитарлық талаптарға сай келмейтін пәтерлерде, жертөлелерде және тұрғын үй-жайларда өткізілген, ал 6 өңірде бұрын істі болған азаматтардың балаларды оқытқаны туралы 20 жағдай тіркелген. Сондай-ақ жүйеде тіркелгенімен, нақты сабаққа қатыспаған 8 мыңнан астам бала анықталған. Бұл фактілер алаяқтық, жалған есеп жүргізу және бюджет қаражатын жымқыру ықтималдығын көрсетеді.

Мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу және балалар үшін қауіпсіз әрі сапалы жағдай жасау мақсатында 2025 жылдың 1 маусымынан бастап бірыңғай ваучер жүйесін енгізу жөніндегі пилоттық жоба іске қосылады. Бастама Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында жүзеге асырылады.

Аталған жүйе мемлекеттік және жекеменшік спорттық секцияларды, шығармашылық үйірмелер мен қосымша білім беру курстарын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіреді.

Жаңа жүйенің басты қағидаты – ваучер білім беру ұйымына емес, тікелей балаға беріледі. Бұл баланың спорт, шығармашылық және білім беру бағыттары арасында еркін ауысуына мүмкіндік береді және бұрынғыдай қайта кезекке тұру немесе қаржыландырудан айырылып қалу жағдайларының алдын алады.

Платформаны әзірлеу барысында әр өңірдің ерекшелігі мен шығармашылық, спорттық және білім беру қызметтеріндегі айырмашылықтар ескерілетін болады.

Бірыңғай ваучердің екі түрі қарастырылған:

  • Нысаналы ваучер – мемлекеттік мекемелерге арналған және кезекке тұруды қажет етпейді;
  • Әмбебап ваучер – баланың ата-анасы eGov.kz порталы арқылы жекеменшік немесе мемлекеттік емес ұйымды таңдай алады.

Мұндай ваучер бойынша кезек баланың жасы мен отбасының әлеуметтік мәртебесіне сәйкес қалыптасады және бұл ресурстарды әділ бөлуді қамтамасыз етеді. Жаңа ережелерге сәйкес, үйірмелер мен секцияларда балалардың сапалы дамуын қамтамасыз ету үшін қауіпсіз инфрақұрылым, санитарлық және өртке қарсы нормалардың сақталуы, бекітілген білім беру бағдарламалары мен білікті мамандардың болуы қажет. Бюджеттік қаражат тек мақсатына сай пайдаланылуы тиіс. Қатысушылардың келуі күнделікті цифрлық форматта тіркеледі, ал бірыңғай платформа қаражаттың жұмсалуын ашық көрсетуді, процестерді автоматтандыруды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық пен алаяқтық схемаларын азайтуды қамтамасыз етеді.

Жобаны келесі мемлекеттік органдар бірлесіп жүзеге асырады:
    •    Мәдениет және ақпарат министрлігі – шығармашылық бағыт бойынша;
    •    Туризм және спорт министрлігі – спорттық секцияларды үйлестіру;
    •    Оқу-ағарту министрлігі – қосымша білім беру бойынша;
    •    Цифрлық даму министрлігі – техникалық сүйемелдеу және цифрлық инфрақұрылымды іске асыру.

Мемлекеттік органдар бюджеттік қаражатты мақсатты және тиімді пайдаланудың тетіктерін енгізу бойынша жүйелі саясатты жалғастыруда. Пилоттық жоба тек балалар мүддесін, олардың қауіпсіздігін және көрсетілетін қызметтердің сапалы әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу