ШҚО-да бірыңғай бухгалтерлік есеп жүйесін енгізу баяу жүріп жатыр
Шығыс Қазақстан облысындағы барлық білім беру ұйымдарында "Фаворит" жүйесін енгізу 2025 жылдың 30 сәуіріне дейін аяқталуға тиіс еді. Алайда тиісті бақылаудың болмауы бұл үдерісті баяулатып, мерзімнің ұзартылуына себеп болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашықовтың айтуынша, өңірдің білім беру саласында заңбұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған. Қаржының заңсыз жұмсалуын болдырмау мақсатында барлық білім беру мекемелеріне бірыңғай бухгалтерлік есеп жүйесі — "Фаворит" енгізілуде. Бұл жүйені толық іске қосу биылғы 30 сәуірге жоспарланған болатын.
417 ұйымның ішінде тек 273 мекеме "Фаворит" жүйесін толық енгізсе, 144 мекеме көшу процесінде, ал 21 ұйым әлі де ескі бағдарламаларды пайдалануда.
Оның айтуынша, мұндай жағдайға бақылаудың әлсіздігі мен ұйымдастырушылық қолдаудың жеткіліксіздігі әсер еткен.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов "Фаворит" ақпараттық жүйесін енгізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бағдарламаны толық іске қосу мерзімі мамыр айына шегерілді.
Елизавета Седых
Фото: Махаббат Ахметжанова