KZ
Өскемен
-14°
пасмурно жел 1 м/с, СБ
503.35 590.63 6.62

«DEMEY»: Жаңа орталық – жаңа үміт (видео)

2.06.2025, 15:40 1 125 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемен қаласында ерекше балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетілетін «DEMEY» ресурстық орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Бұл орталықта балалар өз әлеуетін дамыта алады, ал ата-аналар қиын өмірлік жағдайларда қажетті қолдау таппақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Орталық тірек-қимыл аппараты бұзылған мүмкіндігі шектеулі балаларды дамыту және оңалтуға, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды уақытша орналастыруға, әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсетуге, құқықтық көмек көрсетуге бағытталған.

Ресурстық орталық Өскемен қаласындағы Тургенев көшесі, 30 мекенжайында, бұрынғы әкімшілік ғимараттың орнында ашылды. Бұл нысан әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтерді көрсету мақсатында берілген.

- Жаңа әлеуметтік нысанның ашылуымен құттықтаймын. Бұл ерекше кеңістік балалар үшін даму, жарқын эмоциялар мен жаңа жетістіктер орны болсын. Мемлекет мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді.
Бүгін біз әлеуметтік әріптестіктің лайықты үлгісін көріп отырмыз. «DEMEY» түзету орталығы мемлекеттік ғимараттан жаңа орын алып, жөндеу жұмыстары бюджет есебінен жүргізілді. Кәсіпкерлер жиһаздарды жаңартуға, заманауи дамыту құралдарын, жаттығу жабдықтарын сатып алуға өз үлестерін қосты, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс әкімінің айтуынша, жаңа орталық ерекше қажеттіліктері бар балаларды қамтуды арттырып, оңалту жағдайларын жақсартуға, сондай-ақ 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқулары бар адамдарға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша осындай 3615 бала тіркелген, оның ішінде облыс орталығы – Өскеменде 2156 бала бар. Мұндай балаларға әлеуметтік төлемдер, арнайы әлеуметтік қызметтер, техникалық оңалту құралдары, үйде оқыту шығындарын өтеу түріндегі қолдау шаралары қарастырылған. Қазіргі таңда 685 мүмкіндігі шектеулі бала арнайы әлеуметтік қызметпен қамтылған. Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 134 балаға оңалту, білім беру және түзету қызметтері көрсетілуде.

Орталықта реабилитологтың кеңесі, емдік және бейімдік дене шынықтыру, логопед, дефектолог, нейропсихолог, эрготерапевт мамандарының қызметі, дамытушы сабақтар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды мектепке дайындау, түрлі үйірмелер (қолөнер, сурет салу) қарастырылған. Сонымен қатар сенсорлық интеграция залы, релаксация бөлмесі, демалыс және ойын бөлмелері де бар. Ерекше балалардың ата-аналары психологтан кеңес ала алады.

Қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарды қолдау орталығы – дағдарыс бөлімшесінде де психолог қызметі көрсетіледі. Мұнда ұйықтайтын бөлмелер, өзін-өзі қамтамасыз етуге арналған қажетті жағдайлар, үш мезгіл тамақ және терапевт дәрігердің алғашқы тексеруі ұйымдастырылған.

Бұдан бөлек, мұндай отбасыларға жәрдемақы рәсімдеу мен жұмыспен қамту бойынша да көмек көрсетіледі.

Ресурстық орталықтың ресми ашылуынан кейін балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.

 

ШҚО әкімінің баспасөз қызметінен

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу