ШҚО-да азық-түлік қауіпсіздігін бақылайтын жаңа зертхана салынып жатыр
Фото: pexels.com
Қазақстанда азық-түлік сапасына бақылау күшейіп келеді. 2024 жылы зертханалық құралдарды жаңартуға 11 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Қытай Халық Республикасының қолдауымен Шығыс Қазақстан облысында Қытайға экспортқа бағытталған өнімдерді тексеруге арналған жаңа зертхана салынып жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл 3,8 миллиард теңгеге 9 жоғары технологиялы сұйықтық хроматографы сатып алынды. Тағы 7,2 миллиард теңге зертханалық инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталмақ. Бұл жабдықтар өнім сапасын терең талдап, халықаралық талаптарға сай экспорт жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ветеринария саласын цифрландыру жалғасуда. Қазірдің өзінде Vet-Mobile, Vetlab, РПО, экспортты автоматты бақылау жүйесі және жануарлар тіркеу мен есепке алуға арналған «TortTulik» мобильді қосымшасы қолданыста. Аталған қосымшаны бүгінде 178 мыңнан астам адам пайдаланып отыр.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл шаралар Қазақстанда өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға және шетел нарығына кедергісіз шығуына жол ашады.