Ақындар айтысы: Үздіктер жиналған “Алтай - алтын бесігім” жыр додасы басталды (видео)
«Алтай — түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық музыка фестивалі аясында Төр Алтайдың төсінде елге белгілі дүлдүлдер мен жас жүйріктердің басын қосқан «Алтай — алтын бесігім» атты ақындар айтысы басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен қолға алынған бұл сөз сайысы — ежелгі дәстүрді жаңғыртып, Ұлы даланың жыр керуенін қайта тірілткен айтулы рухани оқиға. Айтыстың шымылдығын Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсыновтың батасы ашып, жүректі сөзбен, отты жырмен өрілген доданың алғашқы шабысы салтанатты түрде басталды.
Жыр додасында еліміздің түкпір-түкпірінен келген сөз шеберлері мен Қырғыз елінен арнайы шақырылған қонақ ақындар сахнаға шығып, қалың тыңдарманның рухын көтеріп, елдің берекесі мен бірлігін жырға қосты.
Айтысқа төрелік айтуға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері мен белгілі ақындардан құралған беделді қазылар алқасы шақырылды. Тартымды сайысты жүргізуші — халықтың сүйікті ақыны, профессор, «Құрмет» орденінің иегері Аманжол Әлтай.
Ал айтыс алаңындағы рухты жыр кеші «Барқытбел», «Назқоңыр», «Дарабоз» ансамбльдерінің ән мен күйімен әрленуде.
Бұл шара — қазақтың қастерлі сөз өнерін ұлықтап, жас буынға рухани азық сыйлауды, түркі әлемінің алтын бесігі Алтайдың мәртебесін асқақтатуды көздейді.
Фото: Жібек Нұрахмет









