Премьер-министр кеңесшісі ШҚО-дағы негізгі энергия нысандарының жаңғыртылу барысымен танысты
Премьер-министрдің кеңесшісі Ермек Маржықпаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі энергетикалық инфрақұрылым нысандарының жаңғыртылу және жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сапар барысында ол Өскемен қаласындағы стратегиялық маңызға ие жылу электр орталықтарына барды. Атап айтқанда, Өскемен ЖЭО-да алдағы 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық таныстырылды. Мұнда негізгі жабдықтарды жаңарту мен жөндеуге бағытталған ауқымды кампания жүріп жатыр.
Жөндеу жұмыстарының басты мақсаты – жабдықтардың тозуын азайту, қуат тапшылығын жою және тұрғындар мен әлеуметтік нысандарды жылу және электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету.
Ермек Маржықпаев жұмыстың сапасы, мерзімнің сақталуы, энергия тиімділігі мен температураны цифрлық бақылауға ерекше назар аударылуы қажет екенін атап өтті.
Согра ЖЭО-ға барған кезде елдегі энергетика саласындағы кадр тапшылығы мәселесі көтерілді. Кәсіпорын мамандары студенттердің тәжірибеден кейін басқа мекемелерге кетіп қалуының себебін төмен жалақымен байланыстырды.
Сапар барысында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы да талқыланды. Бұл жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жылу жүйесін кешенді жаңғыртуға бағытталған. Ермек Маржықпаевтың айтуынша, энергетикалық қуаттарды жаңғырту республикалық және жергілікті бюджеттер, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен жүргізілуге тиіс.
Сондай-ақ Ермек Маржықпаев Өскеменнің сол жағалауын жылумен қамтамасыз ететін «Шығыс Жылу» компаниясының №2 қазандығында болып, қазандықтың қазіргі жағдайымен және жаңғырту жоспарларымен танысты. Себебі бұл аумақ қаланың жылдам дамып келе жатқан бөлігінің бірі болып саналады.
Сапар аясында Қасым Қайсенов кентіндегі жылу желілерін жаңарту жобасы да көрсетілді. Бұл – өңірдің инфрақұрылымдық басым жобаларының бірі. Жаңа технологиялар пәтерлердегі температураның тұрақтылығын сақтап, желілер мен қазандықтарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде жылу-энергетика саласының өкілдерінен нақты ұсыныстар жинау, құрылымдау және Үкіметке жолдау жұмыстары жүріп жатыр. Басты басымдық – жүйенің сенімділігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау.
Дамир Омаров
Фото/видео: Екатерина Сёмина















