Ермек Маржықпаев өңірдегі жылыту жүйесінің жай-күйімен танысады
Премьер-министрдің кеңесшісі Ермек Маржықпаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Ол өңірдегі маңызды жылу және энергетика нысандарын аралап, алдағы жылыту маусымына дайындық барысымен танысады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Алдымен ол Өскемен мен Соградағы жылу электр орталықтарына бармақ. Бұл – облыс орталығы мен оған жақын орналасқан елді мекендерді жылумен қамтып отырған басты нысандар. Кеңесші орталықтардың қазір қалай жұмыс істеп жатқанын, жөндеу жұмыстарының қай сатыда екенін және қыста халыққа жылу үзілмей берілуі үшін не істеліп жатқанын қарайды.
Бұдан бөлек, Ермек Маржықпаев Өскемендегі «Шығыс Жылу» компаниясының №2 қазандығына және Қасым Қайсенов кентіндегі жылу құбырларын жаңарту жобасына да барады. Мұнда оған жабдықтардың жаңартылған үлгілері көрсетіліп, жүйенің қалай тиімді жұмыс істейтіні туралы ақпарат беріледі. Мамандардың айтуынша, жаңа технологиялар жылу жоғалуын азайтып, үйлерге жылыту қызметін сапалы жеткізуге көмектеседі.
Кеңесші сондай-ақ, энергетика мен жылу саласында еңбек етіп жүрген мамандармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдайды. Саладағы басты мәселелер, кадр жетіспеушілігі және заманауи технологияларды енгізу жолдары да талқыланатын болады.
Дамир Омаров
Фото: Екатерина Семина

