KZ
Өскемен
-19°
туман Штиль
510.18 601.91 6.51

Ұлан ауданында инфрақұрылыммен қатар туризм де дамып келеді

18.06.2025, 16:45 292 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында халыққа қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жобалар қолға алынған. Биылдың өзінде 9 миллиард теңгеден астам қаржыға 95 инфрақұрылымдық жоба іске асырылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аудан әкімінің орынбасары Лязиза Кенжетайқызының айтуынша, жобалар денсаулық сақтау, білім, жылу, су, жол, интернет және туризм салаларын қамтиды.

Ауылға қажет – бәрі бар

Ауданда медициналық қызмет жақсарып келеді. Тройницкое ауылында жаңа медпункт салынды, Қасым Қайсенов кентінде поликлиника ашылды. Тағы екі ауылда амбулаторияларға күрделі жөндеу жасалмақ.

Білім беру саласында бес мектеп жөнделіп, Қасым Қайсенов кентінде 600 орындық жаңа мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында биыл тоғыз ауылда 30 үй салынып жатыр.

Жылумен қамту саласында да жұмыстар белсенді жүріп жатыр. Таврическое ауылында 966 млн теңгеге қазандық салынды, Қасым Қайсенов кентінде жылу жүйесі жөнделуде. Ауызсу мәселесі де шешімін тауып келеді: 2025 жылға дейін төрт ауылға су тарту жоспарланған.

Жол мен көше жарығын жаңарту жобалары да жүріп жатыр – 5 шақырым жол жөнделіп, 22 ауылға жаңа жарықшамдар орнатылады.

Цифрлық даму да назардан тыс емес. Аудандағы елді мекендердің 69%-ы мобильді интернетпен қамтылған. 2027 жылға дейін бұл көрсеткіш 100%-ға жеткізіледі. Қазірдің өзінде 12 мектепке Starlink терминалдары орнатылып, оқушылар жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған.

Туризм саласы да жақсы қарқын алып келеді. Соңғы үш жылда бұл бағытқа 2,7 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Биыл Шыбындыкөл көлінің жағасында жаңа демалыс базасы салынады. Жобаға 250 млн теңге құйып отырған — «QaiMak Resort» компаниясы.

Тарғын ауылында жол бойындағы сервис кешені, кафе және санитарлық аймақ ашылады. Бұл туристер үшін қосымша жайлылық жасайды.

Аудан аумағындағы Дубыгалинское, Айыр және Шыбындыкөл көлдері абаттандырылып, «Багратион» шипажайы кеңейтіледі. Сонымен қатар, тарихи-мәдени нысандар — Аблайкит, Ақбауыр ескерткіштері мен Бозанбайдағы Бүркіттөбе алаңы дамытылады.

Ауыл туризмі де қолға алынған. Туристерге дәстүрлі қазақ үйлерде тұрып, өңірдің тұрмыс-тіршілігімен танысу ұсынылады. Экологиялық соқпақтар мен фотозоналар орнату жұмыстары да басталып кетті.

2024 жылы Ұлан ауданына 13,8 мың турист келіп, туристік нысандардан 261,6 млн теңге табыс түскен. Ауданның туристік бренді жыл сайын ұйымдастырылатын «Шығыс салбурыны» бүркітшілер фестивалі арқылы да кеңінен танылуда.

Роксана Глыбова

Фото: ШҚО ӨКҚ

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу