Жаңа Арбат: Самарда 110 гектарлық демалыс орны ашылмақ
Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданы демалуға арналған жаңа жаяу жүргіншілер аймағын – өз «Арбатын» салуды көздеп отыр. Жобаның басты мақсаты – өңірдің туристік әлеуетін арттырып, Самар жағалауын демалушыларға тартымды әрі жайлы ету, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа «Арбатта» тек серуендейтін орындар ғана емес, кафе, дүкендер, спорт және йога алаңдары, отбасылық демалыс аймақтары мен кешкі жарықтандыру секілді инфрақұрылымдар да қарастырылған. Яғни бұл аумақ күндіз де, түнде де жұмыс істейтін демалыс орнына айналмақ.
Алакөл Арбаты бүгінде тек жағажай ғана емес, мәдени, гастрономиялық және ойын-сауық ордасы ретінде кеңінен танымал. Кешкісін мұнда сазды әуендер, концерттер мен шығармашылық кездесулер, шеберлік сабақтары өткізіледі. Самар ауданындағы жоба да осы форматты жетілдіре отырып, жергілікті туризмді жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді.
Егер жоба сәтті жүзеге асса, Самар өңірдің ішкі туризмінің жаңа орталығына айналуы мүмкін. Аудан басшысының айтуынша, мемлекет тарапынан салынатын әрбір теңге кемі бес есе инвестиция тартуға жол ашады.
Дамир Омаров
Фото: Жібек Нұрахмет