Алтай ауданындағы туризмнің дамуы: жаңа жобалар және инфрақұрылымды жақсарту
Алтай ауданы туризм саласын дамытуда белсенді жұмыстар жүргізіп, туристерді тарту мен жаңа жұмыс орындарын құруға септігін тигізуде. Былтырғы жылы бірқатар маңызды жобалар іске асырылып, туризм саласындағы болашақ бастамаларға негіз қаланды. Бұл туралы Алтай ауданы әкімінің орынбасары Занғар Шаухин ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Алдағы жылдары аудан туризмін дамыту мақсатында бірқатар ауқымды жобалар жоспарланған. Солардың бірі – Бүркіт тауындағы тау шаңғысы кешенін қалпына келтіру және Бұқтырма су қоймасы жағалауында «Пристань» туристік кешенін құру. Бұл кешен тек демалыс орны ғана емес, сонымен қатар дәріхана, банкомат және шағын наубайхана сияқты қосымша қызметтерімен ерекшеленеді. Бұл демалушыларға қызмет көрсетудің жаңа деңгейін ұсынады.
Богатырево ауылында эко-туризмді дамыту шеңберінде ЭКО-турбаза жобасы іске асырылуда. Қазіргі уақытта бұл жерде қонақ үй жұмыс істеп тұр, ал болашақта екінші қонақ үй салу жоспарланған. Жергілікті тұрғындар мен туристер АПИ-терапия сияқты ерекше қызметтер мен шатырлы лагерьде түнейтін бағыттар арқылы демалуға мүмкіндік алады.
Аудандағы инфрақұрылымды жақсарту бағдарламасы аясында биыл туристік орындарға апаратын жолдарды жөндеу, ауылдарды жарықтандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл жақсартулар туристер үшін қолайлы жағдай жасап, ауданның тартымдылығын арттырды.