KZ
Өскемен
+14°
пасмурно жел 2 м/с, В
520.93 609.07 6.68

Халықаралық ынтымақтастық: ШҚО Қытаймен бірлескен жобаларды жүзеге асырады

20.06.2025, 13:40 294 Гульжан Мусина

Бүгін ел Премьер-министрі Олжас Бектенов жоғары деңгейдегі келіссөздер нәтижесінде қабылданған қазақ-қытай келісімдерін іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі. 

Кеңесте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің жуырдағы кездесуі барысында жасалған уағдаластықтар аясында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жайы талқыланды. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстанда Қытай инвесторларының қатысуымен 220-дан астам индустриялық жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалар 50 мыңға жуық жұмыс орнын құруды көздейді. ҚХР – Қазақстан экономикасына ең көп инвестиция салған алғашқы бес елдің қатарында.

Кеңес барысында Премьер-министр жуырдағы ҚХР Төрағасының Қазақстанға мемлекеттік сапары екі ел арасындағы саяси және экономикалық әріптестікке тың серпін бергенін атап өтті. Сонымен қатар Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» индустриялық және инвестициялық ынтымақтастық форумы аясында Қазақстан мен Қытай арасында жалпы сомасы 24 миллиард АҚШ долларына жуық 58 коммерциялық келісімге қол қойылғанын айтты.

– ҚХР Төрағасының елімізге сапары екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін тағы бір дәлелдеді. Мен әрбір жоба бойынша жеке бақылау жүргізіп, қажетті қолдау көрсететін боламын, – деді Олжас Бектенов.

Олжас Бектенов жаңа жобалар мен инвестиция тартуды жүйелі түрде күшейту қажет екенін айтып, қазіргі уақытта жоба басталмаған өңірлерге жұмысты шұғыл қолға алуды тапсырды.

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл бағытта өңір үшін Қытаймен ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы шетелдік инвестиция тарту бойынша нақты міндет қойды. Қытай – экономикасы дамыған алпауыт ел әрі Қазақстанның маңызды әріптесі. Оның үстіне, біздің облыс шекаралас орналасқан. Сондықтан Қытаймен бірлескен жобалар – ШҚО үшін де басым бағыт, – деді аймақ басшысы.

Аймақ басшысы ШҚО делегациясының Қытайға жасаған сапары инвестиция тарту және ұзақ мерзімді әріптестікті қалыптастыру бағытындағы маңызды қадам болғанын атап өтті.

Олжас Бектенов бірқатар өңірде – Алматы қаласы, Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Павлодар, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы және Абай облыстарында оң өзгерістер байқалатынын жеткізді. Бұл өңірлер Қытайға іссапарлар жасап, келісімдерге қол жеткізген. Қалған өңірлерге бұл бағытта жұмысты күшейту тапсырылды.

Кеңес қорытындысында мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға қол қойылған келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыру, әр жобаны барлық кезеңде сүйемелдеу және бірыңғай мемлекеттік инвестициялық саясат аясында өзара іс-қимылды үйлестіру тапсырылды.

– Қазіргі басты міндетіміз – тікелей шетелдік инвестициялар тарту. Сол үшін аудан әкімдері мен салалық басқармалар нақты ұсыныстар мен ынтымақтастық алгоритмін әзірлеуі қажет. Қандай келісімдерге қол қойылды, қандай меморандумдар бар – бәрін сараптап, қандай жобалар тоқтап қалғанын, неге жүзеге аспай жатқанын түсініп, оларды жандандыру жолдарын қарастыру керек, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Сондай-ақ ол шетелдік серіктестермен жұмыс істеу барысында, әсіресе шағын және орта бизнес өкілдерін ақпараттандыру бағытындағы жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты.

Дамир Омаров

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу