Қазақ-қатар құны $17,6 млрд болатын инвестициялық жобаларды іске асыруға кірісті
t.me/KZgovernment
20 наурызда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Қатар мемлекетіне барды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
Сапар аясында Олжас Бектенов Қатар Премьер-Министрі – сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдурахман Әл Тәнимен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.
Үкіметаралық кездесулердің мәні екі мемлекет басшылары қолжеткізген уағдаластықтардың орындалу барысы, сондай-ақ энергетика, ауыл шаруашылығы және т. б. салалар бойынша алдағы инвестициялық жобалардың сапалы әрі уақтылы іске асырылуына жәрдемдесу болды.
Премьер-Министр Олжас Бектенов кездесу барысында Қазақстанның Қатар нарығына халал және органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу бойынша серіктес болуға дайын екенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта қазақстандық кәсіпорындар АӨК саласындағы жобаларды іске асыру бойынша қатарлық компаниялармен ынтымақтастық орнатуда.
Өз кезегінде Қатар Премьер-Министрі – сыртқы істер министрі сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға мүдделі екенін растады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Қатар мемлекетінің үкіметтері арасында негізгі салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімге қол қойылды. Ірі инвестициялық жобалардың ішінде:
- жалпы сомасы шамамен $5,7 млрд болатын газ өңдеу зауыттарын салу жөніндегі жобалар;
- жалпы сомасы шамамен $7,7 млрд болатын «Ақтөбе – Қостанай» магистральдық газ құбырының және «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісін салу жөніндегі жобалар;
- жалпы сомасы шамамен $2,7 млрд болатын қуаттылығы 1 100 МВт бу-газ қондырғысы негізінде электр стансасын және 350 МВт-тық су электр стансасын салу жөніндегі жобалар;
- сондай-ақ бидай, бұршақ және сүтті терең өңдеу зауыттарын салу бойынша жобалар.
Екі ел үкіметтерінің басшылары Олжас Бектенов пен шейх Мұхаммед бен Абдурахман Әл Тәни келісімге қол қоюдың толық форматтағы және өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін маңызы зор екенін атап өтті.