ШҚО-да денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер талқыға салынды
Шығыс Қазақстанда өңірлердегі денсаулық сақтау жүйесінің жұмыс істеу барысына арналған кеңес өтті. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев төрағалық етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кеңес барысында Шығыс Қазақстан облысының медицина саласындағы жетістіктері ерекше атап өтілді. Өңір бронх демікпесі бойынша көмек көрсету жағынан республикада бірінші орында тұр. Жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша – екінші, ал онкология саласы бойынша – бесінші орында. Сонымен қатар өңірде өлім-жітім көрсеткіші төмендеген. Бұл ерте диагностика мен пациенттерді дұрыс бағыттау жүйесінің жетілдірілуімен байланысты.
Сондай-ақ облыста Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қарыз көлемінің азаюы байқалады. Бұл – жергілікті билік пен денсаулық сақтау саласы жұмысының тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Сонымен қатар вице-премьер медициналық қызмет көрсету сапасын толықтай ашық әрі әділетті етудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, оң нәтижелерге қарамастан, халық тарапынан сапасыз ем, дәрі-дәрмектің кешіктірілуі бойынша шағымдар азаймай отыр. Әсіресе, шалғайдағы аудандар мен ауылдарда бұл мәселе әлі де өзекті.
Дәрігерлердің түнгі кезекшілігі, медицина қызметкерлерін бейнежетондармен жабдықтау мәселелері де көтерілді. Бұл шаралар пациенттердің сенімін арттырып, дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қарастырылуда. Алайда, бейнежазбаларды қолдану бойынша құқықтық тетіктер әлі де нақтылауды қажет етеді.
Кеңесте ең көп талқыланған мәселелердің бірі – медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық. Ермек Көшербаев нақты мысал келтірді:
– 2025 жылғы 12 маусымда Қарағанды облыстық көпбейінді балалар ауруханасында науқастың туыстары дәрігерлерге шабуыл жасады. Екі медицина қызметкері ауыр жарақат алып, миы шайқалып, бет сүйектері сынған. 2019-2024 жылдар аралығында ел бойынша медицина қызметкерлеріне қарсы 161 шабуыл тіркелген.
Кейбір жағдайларда кінәлілер жеңіл жазамен ғана құтылып кеткен. Мысалы, Алматыда дәрігерге дене жарақаты салынған, ал шабуылдаушыға қоғамдық жұмыс және 200 мың теңге айыппұл тағайындалған, Көкшетауда тек 30 АЕК көлемінде айыппұлмен шектелген.
Осыған байланысты Мəжіліс депутаттары 2024 жылдың желтоқсанында Қылмыстық кодекске жаңа 320-1-бапты – «Медицина қызметкеріне күш қолдану» туралы толықтыру енгізуді қайта ұсынды. Бұл бастама Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда. Бас прокуратура, Денсаулық сақтау министрлігі және өзге де мекемелер қолдаса, Әділет министрлігі мен ІІМ бұл бап басқа салалар үшін де прецедент қалыптастырады деп қарсы шыққан.
Кеңес қорытындысында Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша бейінді мемлекеттік органдар медицина қызметкерлеріне қатысты күш қолдануға байланысты жаңа заң жобасының соңғы нұсқасын Үкіметке ұсынатын болды. Сонымен қатар медициналық қызмет сапасын бақылау мен азаматтардың шағымдарын назарда ұстау күшейтіледі.
Дамир Омаров
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Евгений Щетников